Сауран – су жаңа аудан!

Oinet.kz 15-03-2021 783

9b3cd1ce-fce8-49c8-bd34-0ee5ba3108b5.jpg

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістан облысында жаңа аудан құру туралы тиісті Жарлыққа қол қойды. Құнды құжат күшіне енген күннен бастап Қазақстан территориясында Сауран ауданы пайда болды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аптаның алғашқы күні аппарат отырысында хабарлап, түркістандықтарды тарихи оқиғамен құттықтады.

– Мемлекет Басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан облысында жаңа Сауран ауданы құрылды. Әкімшілік орталығы Шорнақ ауылы болады. Оған Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері кіретін болады. Сондықтан бүгін тарихи күн.  Біз осыған байланысты тез арада барлық шараларды жүзеге асыруымыз керек, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі айтқан 12 ауылдық округ 2018 жылы 19 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының құрамынан шығарылып, Кентау қаласының қарамағына өткен болатын. Енді Кентаудан шығарылып, Сауран ауданына өтеді. Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады.

c17894d4138c74409ad38fb9d4bfcb7c.jpg

Суретте: Сауран қаласының орны

Ұлт руханиятында киелі ұғымға айналған «Сауран» атауының Түркістан облысында құрылған жаңа ауданға берілуі негізді. Ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен тығыз байланысты. Сауранның іргетасы XII ғасырда ірі сауда орталығы ретінде қаланған. XIII ғасырдың орта тұсында Сауран Ақ Орданың астанасы болған.

Жалпы аумағы 650 мың гектарды құрайтын жаңа ауданның орталығы – Шорнақ ауылы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде мұнда 12 мың адам тіршілік етеді. Ал, Сауран ауданы тұрғындарының саны қазірдің өзінде 100 мыңнан асады.


Тоқаев тағы бір заңға қол қойды
Иманғали Тасмағамбетов жаңа қызметке тағайындалуы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу