Бүгін ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхановтың туған күні

Oinet.kz 05-03-2021 1494

Осыдан 155 жыл бұрын (1866-1937) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық Алаш қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы, ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан дүниеге келді. Қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) туған. 

Әлихан Бөкейхан.jpg

Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед тарайды. Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға беріп, кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. 

16 жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне түседі, 20 жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Оқумен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан. Әлихан жас кезінен-ақ қазақ қауымының өзекті мәселелерін жан-тәнімен түйсініп өседі. Халқына білім мен мәдениеттің ауадай қажеттігін жасынан ұғынған. Оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. «Народная свобода» партиясына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Әлихан сол кезден бастап өзін саяси тұлға ретінде қалыптастыра бастаған. 

Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, сол газетке «Қыр баласы» деген атпен өзекті мақалалар жазды. «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскерін жасақтады. Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді. 

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.

Алексей Цой қазақстандық вакцинаны Өзбекстанда шығаруды ұсынды
Қытай Қазақстан жеріне 56 кәсіпорын салмақшы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу