Қазақстанда интернеттің аты бар, заты жоқ
ҚР үкімет басшысы Асқар Мамин пандемия еліміздің экономикалық тұрақтылығын айқындап бергенін және алдағы бес жылда Қазақстанда 5G желісі іске қосылатынын мәлімдегені есте.
Сонымен қатар үкімет басшысы: «Мыңнан астам ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылды, бұл аймақтардағы технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды», – деді. Пандемия Қазақстанның экономикасының тұрақтылығы мен мықтылығын көрсеткенін де Мамин осы тұста баса айтып өткен еді. Осы айтылғандарға байланысты әлеуметтік желілерде жұртшылық өз пікірлерін білдіріп үкімет басшысының берген мәліметі шындыққа жанаспайтынын алға тартуда. Ал біз өз тарапымыздан сауалнама жүргізіп, бірнеше азаматтың пікірін сұрап біліп, төмендегідей жауап алдық. Халықтың сөзі мен үкімет басшысының сөзіндегі шындықты ажыратып алуды оқырманның еншісіне қалдырдық.
«Екібастұз қаласына жақын ауыл тұрғындары бүгінге дейін интернет үшін сай-тасты аралап, дала кезіп кетеді. Біздің ауылда отандық ұялы байланыс түрлерінің барлығы дерлік ұстай бермейді. Интернет былай тұрсын, қарапайым ғана телефон қоңырауын жасау мұңға айналады бізде. Әлде, бір үкімет басшысы айтқан 99 пайыздың құрамына кірмейтін басқа ел тұрғынымыз ба?»,- дейді Айжамал Тұрсынбай. «Алматы облысынан 45-50 шақырым жерде тұрамыз. Қаратөбе атты ауылымызда интернет жылдамдығы өте төмен. Кейде тіпті, бүкіл байланыс атаулыдан ажырап кететін кезіміз де бар»,-дейді Айнагүл Дәркенбайқызы. Дәл осыған ұқсас жағдайды Шымкент қаласынан 25-30 шақырым жерде жатқан ауыл тұрғындары да айтады. «Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Шақпақ ауылына барғанымызда байланыссыз қаламыз. Ол ауылда тек бір ғана байланыс түрі ұстайды. Дәп бір елсіз мекенге барғандай, байланыстан ажыраймыз. Әр барған сайын бұл ауыл халқының интернет жылдамдығы былай тұрсын, әншейін біреуге телефон шалуы оңай емесін көресің. Осыдан соң қандай интернет жылдамдығын сөз етуге болады?»-дейді Маржан Тұрлыбекова.
Бізбен пікірлескендер алыс, шалғайдағы ауылдарда тіпті жарықтың да бола бермейтінін айтады. ХХІ ғасырда дамыған елдер ғарышты игеріп, тың жаңалық ашып жатыр. Ал Қазақстанда әлі сол баяғыша қағаз жүзінде «бәрі жақсы» белгісін соғудан әріге аса алмай отыр. Өзімізді алдаудан қашан жалығар екенбіз? Өкінішті...
Әмина РАЙЫМБЕК.