Сапарбаев жауапсыз мердігерлерге қатаң ескерту жасады

Oinet.kz 03-02-2021 895

– Өткен жылдың басында сіздер конкурстарды өзге аймақтардың өкілдері жеңіп ала беретінін айтып, шағымданған болатынсыздар. Қазір жағдай өзгерді: жұмыстың 90 пайыздан астамын жамбылдық компаниялар атқарды. Алайда кейбіреулеріңіз уәдені орындамадыңыздар, нысандарды пайдалануға беру кестесін бұзып отырсыздар. Құрылыс сапасына қатысты да шағымдар жоқ емес, – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі құрылыс компанияларының басшыларымен болған кездесуде. 

Screenshot_5.jpg

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс басшысы тіпті жауапсыз мердігерлерді лицензиясынан айыру қажеттігін де атап өткен. Құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, кейбір мердігерлердің сылбырлығы және қаржының игерілмеу қаупінің туындауына байланысты 4,5 миллиард теңге басқа нысандарға аударылған. Тараздағы үш нысан бойынша 505,2 миллион теңге республикалық бюджетке қайтарылса, 12 мердігер өз міндеттерін орындамаған. Құрылысшылардың кінәсінен 15-ші шағынауданда электр желілерін қосу және жол салу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Өткен жылы 235 жобаның құрылысына 93 мердігер тартылса, оның сегізі 14 қосалқы мердігерді тартқан. 

Аймақ басшысы міндеттемелерге құлықсыздық танытқан әр жағдайға жеке-жеке тоқталды. Мысалы, «Барат и Ко» компаниясының өкілі қосалқы мердігердің құжаттары бойынша нысан құрылысы аяқталғанын, бірақ құрылыс сапасын ешкім қадағаламағанын айтты. Ал «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-ы мен «Сұңқар-2002» ЖШС басшылары мектептердің құрылысы осы жылдың сәуір айында аяқталатынына сендірді. Ал «Архат-Өркендеу» ЖШС-ы 16 жобаны аяқтамаған, бұл ретте шағын компания 89 лотты жеңіп алған. Қордай ауылдарының Күнбатыс және Қалғұтты ауылдарындағы мектептердің құрылысы кешіктіріліп, «Шұғыла-2002» және «ТебердаСтройСервис» мердігерлеріне қатысты сот ісі басталған.

– Мұндай құрылысшыларға қатысты заңнамада көзделген барлық шараларды қолдану қажет. Жұмысқа деген осындай көзқараспен олар республиканың бірде-бір аймағында жұмыс істемеуі керек, – деп атап өтті облыс әкімі.

Жол саласын дамытуға 27,6 миллиард теңге бөлініп, 1,3 мың шақырымнан астам жол жөнделді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 90 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясындағы 843 жобаның 32-сі аяқталмаған, ал бесеуі мүлдем басталмаған. Асфальт пен битум дер кезінде жетпей қалып, соның салдарынан кестеден кешіккен. Нәтижесінде, 1,2 миллиард теңге бюджетке қайтарылды. Қысқасы, Б.Жәнібеков мұндай келеңсіздіктің орын алуына негізінен өндірістік процестердің технологиясы мен қолданыстағы стандарттардың сақталмауы себеп болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол бір қатысушы ұтып алатын лоттар санына шектеулер енгізуді және жолдардағы тесіктерді бітеу жұмыстарына әкімдер үнемі назар аударса деген ұсынысын білдірді.

– Қырғызстанмен шекараға дейінгі жолды қыркүйекте емес, шілдеде аяқтау қажет. Жолдың бір шақырымының құнында неліктен осындай үлкен ауытқушылық бар екенін анықтау керек. Мердігерлерден қателіктерді өз есебінен жоюды талап ету қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев сумен және газбен жабдықтау нысандары құрылысының нәтижелері, жіберілген заң бұзушылықтар мен қабылданған шаралар туралы есеп берді. Мәселелердің бірі ретінде ол 113 нысанды «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның теңгеріміне өткізудің ұзаққа созылып кеткенін атап өтті.

Қ.Қорғанбаев сонымен қатар нысандарды бір қолға шоғырландыру мәселесіне де назар аударды. Мәселен, облыс орталығының аулаларын абаттандыру кезінде «ЕРК Астана», «НурИнвестХолдинг» және «АсылИнвест Professional» сынды мердігерлердің әрқайсысы 23-тен 37 лотқа дейін жеңіп алған. Алайда олар осыншама жұмыс ауқымын еңсере алмай, кестенің бұзылуына жол берген.

Сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілі 131 тексеру жүргізіліп, 21,8 миллион теңге айыппұл салынғанын атап өтті. 85 әкімшілік іс қаралған десек, оның ішінде 35-і тапсырыс берушілерге, 36-сы бас мердігерлерге, 12-сі техникалық қадағалауға және екеуі авторлық қадағалауға қатысты.

– Жергілікті компанияларға қолдау көрсету керек, дегенмен тек өз кәсібилігі мен жауапкершілігін дәлелдегендерге ғана көңіл бөлген маңызды, – деді жиналысты түйіндеген Бердібек Сапарбаев.

Димаш қырғыздың ұрпағы екен
«Коронавирустан соң әлемге төнер үлкен қауіп бар» - көріпкел (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу