Ақбота Керімбекова тестке дайындалып жүр
Шымкенттің мәдени өмірінде біраз жаңалықтар болып жатыр. Соңғы екі аптаның ішінде белгілі әнші Сәкен Майғазиев «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директорының міндетін атқарушы болып тағайындалса, атағы алысқа кеткен опера әншісі Майра Мұхамедқызы Шымкент қалалық опера және балет театрының басшысы болды. Енді міне, күні кешелі бері әнші Ақбота Керімбекованың Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары қызметіне кіріскені туралы ақпарат тарауда.
Осындай ақпаратты алғаш болып әншінің өнердегі құрбысы Индира Елубаеваның Instagram парақшасында жариялады.
«Менің Ақбота дос-құрбым бүгін Шымкент қалалық мәдениет басқармасының орынбасары болып тағайындалды. Құтты болсын айтып, жұмысына абырой мен береке , бірлік пен табысты еңбек тіледім. Елдің ең бірінші бетпердесі - мәдениет пен өнер.Өркендеуге нәсіп етсін Алла» ,- деп жазған Индира Елубаева. Алайда бірнеше сағаттан соң бұл жазбаны өшіріп тастады.
Жалпы, Ақботаның осындай лаузымға кіріскені туралы ақпараттың әу бастан күмәнді көрінгені рас. Өйткені басқарма басшысының орынбасары мемлекеттік қызметке жатады. Мұндай қызметке тұру үшін еңбек өтілі, біліктілік талаптары сәйкес келуі тиіс. Арнайы тест тапсырады, конкурсқа қатысады. Осыдан кейін әңгімелесуден өтеді. Осы сынақтардың бәрінен сүрінбей өткен кандидатты тиісті қызметке конкурстық комиссия ұсынады. Әншілерге заң ешқандай артықшылық бермейтіні айтпаса да түсінікті шығар.
Ел арасында Ақботаның «жаңа қызметіне» қатысты әңгімелер өрбіп бара жатқан соң Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ресми мәлімдеме таратты. Онда:
«Керімбекова Ақбота Шатырханқызы Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасында шығармашылық және концерттік саланы жетекшілік ету бойынша келісім шарт негізінде қызмет атқаруда және мемлекеттік қызметкер болып табылмайды» делінген. Әншінің өзі де Instagram парақшасындағы жазбасы арқылы ел аузындағы пікірталасқа үн қосты.
– Иә, рас, Шымкент қаласының басшылығы, мәдениет саласының жетекшілері аталмыш қызметті ұсынды! Мен бірден келісе салған жоқпын, басқарма басшылығы маған саланың тыныс-тіршілігімен жете танысуға мүмкіндік жасауда! Тап қазір сала жұмыстарына зер салып, мемлекеттік қызметке орналасу үшін тапсырылуға тиіс тестке дайындық үстіндемін. Жазбалардан “заң мен құқықтан хабарсыз” деген пікірлерді көзім шалды. Аталмыш тест барлық заңдық және құқықтық нормативтерді қамтиды. Сондықтан, сәл сабыр етіп қояйық! Жақсы хабардың бәрі алда! Менің басшылық лауазымға қол жеткізуіме ешқандай конситутициялық шектеулер мен заңды құқығымнан айыру шешімдерінің жоқтығын ескерсек, орынбасар қызметіне тағайындалуым жұртты алаңдатпауы керек деп ойлаймын! - деп жазды Ақбота.
Соңғы уақытта Шымкентке танымал өнер жұлдыздарының қызметке шақыру қалыпты жағдайға айналды. Бәлкім, бұл Шымкенттің шын мәнінде мегаполиске айнала бастағанын білдіретін шығар. Басқа-басқа, Шымшаһардың мәдениет саласына жаңалық әкеле алатын білікті кадрлар қажет-ақ. Мегаполис атанған соң қаланың өнер саласын да жаңа деңгейге шығару керектігі айтпаса да түсінікті.
Бұған дейін Шымқаланың мәдениет саласында Сәбит Әбдіхалықов пен белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлі жұмыс істеген болатын. Қазір Шымқаладағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының тізгінін кезінде Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «Оңтүстік-Цирк» секілді ірі ұжымдарды басқарған Сұлтан Сраилов ұстап отыр. Елорда мен Алматыдағы өнер саласының бел ортасында жүріп, мол тәжірибе жинақтаған білікті азаматты алдыртқаннан Шымқала ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Сондықтан, сырттан келген кадр болса да, елге, қала берді шетелге танымал өнерпаздарды жатырқамай, әзірше әліптің артын баққанымыз дұрыс болар. Үшінші мегаполистің мәдени саласындағы осындай жаңашыл қадамдар көп кешікпей өз жемісін берер деген ойдамыз.
Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ