Ұлыларды ұшырған ыстық ұя! Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Oinet.kz 12-01-2021 797

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – көптеген заманауи, инновациялық әрі рухани жан дүниені байытатын іс-шаралардың, жобалардың ұйымдастырушысы. 85 жылдан астам уақытты қамтитын тарихы бар білім ордасында қазіргі кезде сапалы білім берумен қатар, студенттер мен магистранттарды бәсекеге қабілетті маман, жан-жақты білімді және ұлтжанды тұлға ретінде қалыптастыру жолында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Қазақ Ұлттық университеті.jpg

Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультетінің 1-ші курс студентімін. Бұл университетке 2020-2021 оқу жылында оқуға түстім. Осы оқу орнын таңдау себебім -  университет Қазақстан Республикасындағы ең үздік білім беретін жоғары оқу орындарының бірі.    

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің іргетасы  1934 жылы қаланды. Бүгінгі күні университетімізде 20 000-ға жуық студент білім алуда. Он төрт факультеттен тұратын университетте үш мыңға жуық профессор-оқытушылар құрамы   білім беріп келеді. «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдерінде теңдесі жоқ   ауқымды «Әл-Фараби» кітапханасы, спорт кешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, техносаябақ, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және «Керемет» студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр. Студенттер сарайында өнерлі және талантты жастарға арналған студенттер клубы жұмыс атқарады. Студенттер клубының дарынды мүшелері талай байқаулардың жеңімпаздары. Соның бірі ретінде, «Бақыт» би ансамблін ерекше атап өтуге болады. 

Университетімізде дәстүрлі түрде «Жалын» 1- курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», КТК, «Ана тілі аруы», «Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін және ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта әлемде орын алған пандемиялық жағдайға сәйкес, университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар онлайн түрде өткізілуде. Ерекше атап өту керек тағы бір жағдай, аталған жастар ұйымдары биылғы жылы дәстүрге айналған IV Халықаралық студенттер форумын онлайн түрде ойдағыдай ұйымдастырды. Ал ғылым саласына түбегейлі ден қойған студенттер үшін дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі» сияқты түрлі конференциялар, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар мен университеттік технопарк қызмет етеді.

Қорыта келгенде, Қазақ Ұлттық университеті – білімді, талантты және дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған, сыйластық пен шынайы достықтың, адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, оның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін ыстық ұя. Университет қабырғасында атқарылып жатқан барлық жұмыстардың ел болашағы, яғни келешектің тізгінін ұстайтын жастарды тұлға ретінде қалыптастырудағы рөлі ерекше. Сол себепті де, мен өзімнің осы университетті таңдауым өмірімдегі ең үлкен сәттіліктің бірі деп санаймын. 

Диас  КЕНЕСОВ, 

Заң факультеті, «Құқықтану» мамандығының 1-курс студенті,

жетекшісі Гулназ МУСАНОВА, 

Филология және әлем тілдері факультеті, 

Шетел тілі кафедрасының аға оқытушысы.

Ақбота Керімбекова тестке дайындалып жүр
«Ауыл» 32 мандат алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу