Бас полицей байланыста!

Oinet.kz 14-01-2021 966

Әлеуметтік желі бүгінде белсенді қолданысқа ие. Мемлекеттік қызметкерлер, арнайы органдар, жеке кәсіпкерлер, түрлі сала мамандары өз жұмысын осы әлеуметтік желі арқылы хабарлап әрі жарнамалап отырады. Жақында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков әлеуметтік желі қолданушыларына есеп берді.

Қайрат Дәлбеков.jpg

Облыстық Полиция департаментінің Facebook-тағы парақшасы күнделікті жаңалықтарымен бөлісіп, ішкі тыныс-тіршілігін жариялап отырады. Қайрат Дәлбековтің әлеуметтік желідегі парақшасы 2019 жылдың сәуірінде ашылған. 5000 досы мен 2000-нан астам жазылушысы бар. Содан бері департамент бастығы желі қолданушыларымен тығыз байланыс орнатқан. Апта сайынғы қабылдауынан бөлек, тұрғындардың қосымша өтініші бойынша олармен жүздесіп, мәселелерінің шешілуіне өз септігін тигізіп келеді. Шешімін таппаған арыз-шағымдар мен жеке мәселелері бойынша өтініш жасаған жандарды да полиция басшысы әрдайым мұқият тыңдап, қызметкерлерге сол бойынша тиісті тапсырмаларын бергенінен де желі арқылы хабардармыз. 

Генерал-майор өткен жылы жеке парақшасына 400-ден астам жарияланым жасап, оған түскен 100-ге жуық сауал мен мессенджеріне қосымша түскен хабарламаларға кешіктірмей жауап қайтарған. Өйткені полиция департаментінің ресми парақшаларынан бөлек, бас полицейге сенім білдіріп, көмегіне жүгінетіндер көп.

Екі тарап бойынша да белсенділік бар. Өз кезегінде департамент бастығының жазбаларына желі қолданушылары да риясыз пікірлерін білдіретін түрлі жазбалар мен түсіндірмелерді қалдырған, қызметіне алғыс айтқан арнайы посттар да жариялаған. Мәселен, желі қолданушысының бірі А.Налибаева: «Иә, сізге де үлкен рахмет! Рас, уақыт тауып сұраққа жауап беріп, жеке қабылдауға шақырып істерді өзіңіз қадағалап отырдыңыз. Полиция қызметкерлеріне де, тергеуші жедел іздеу тобына да алғысым шексіз...», - десе, басқа да азаматтардың ішіндегі көзге түскен Е.Қуандықов: «Өткен жыл оңай болмады. Елге, халыққа сынақтар түсті. Жұмыстарыңыз табысты, берекелі болсын. Халық пен полиция жақындай түссін. Ауызбіршілік артсын!», К.Рысметов: «Ашық болғаныңыз үшін де сын мен арыз-шағымдар азайды. Жаңа жылда қызметіңізге сәттілік тілеймін!» - деп полиция генерал-майоры Қ. Дәлбековтің жұртқа жақындығы мен қызметте ашықтығына алғыстарын жаудырып жатты.

Облыстың бас полицейі өз жазбасының соңында: «Әлеуметтік желідегі жұмыстарыма есеп бере отырып, сіздердің тараптарыңыздан түскен арыз-шағымдардың шешілуіне септігім тиіп, сіздерге көмектессем, сіздерден соған сай «рақмет» деген алғыстарыңызды алсам, ол мен үшін үлкен мәртебе. Бұдан былайғы кезде де сіздер үшін мен міндетті түрде уақыт тауып, уәждеріңізге мән беретінімді білгейсіздер. Келер жылға үлкен үмітпен қарай отырып, халқымыз дін аман, алдағы күндеріміз жақсылыққа, жағымды жаңалықтарға толы болады деп сенемін. Менімен бірге болғандарыңыз үшін рақмет! Әрдайым байланыстамыз!» - деді.

Басшының басты міндеті – өз ісіне адалдық және халық үніне құлақ түру. Карантин режиміне байланысты атқарылатын жұмыс та, қойылатын сауал да, берілетін жауап та онлайн форматта жүріп жатыр. Қазіргі таңда интернеттің, мессенджердің маңыздылығы қоғамда елеулі орын алуда. Полицейлер ашылған қылмысты, ұсталған күдіктіні жасырмай желіге жүктеуі өзге де адамдардың қылмысқа бармауына едәуір септігі тиетін қадам.

Карантин талаптарын бұзушылар азаяр емес

Коронавирус инфекциясы бүгінгі күнге дейін өзекті тақырып болып отыр. Бастапқы уақытта әр адам жұқтырған сайын есебіне назар аударатын едік, қазір қалыпты қабылдайтынымыз рас. Сол секілді вирус белең алған шақта карантин күшейіп, тіпті төтенше жағдай да жарияланған шақтардан өттік. Ал кейін «карантин» де жай атауға айналғандай. Себебі шектеу шараларын елемейтіндер қатары азаяр емес. 

Халық көп шоғырланатын орындарда бетпердесіз жүруді әдетке айналдырып, өз өмірін қатерге тігетін азаматтар көп. Жақындары мен туыстарының басын қосып, көпшілікке той беріп, жиын жасап жатқандар әлі де анықталуда. Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаменті карантин талаптарын бұзушылардың қатарын азайту мақсатында ауқымды іс-шаралар атқаруда.

Мәселен, Отырар ауданы Шәуілдір ауылында бірнеше жергілікті тұрғынның азық-түлік дүкеніне карантин режимін сақтамай кіргендігі анықталды. Тәртіп сақшылары аталған жайттарды ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша тіркеп, құжаттарды жинақтап, заңды шешім шығару үшін тиісті орынға жіберді.

Өткен жылдың соңына қарай ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына байланысты 253 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 209 жеке тұлға жауапқа тартылса, отбасылық той-жиын жасаған 35 заң бұзушылық орын алды. 17 беташар, 10 құдалық, 4 қыз ұзату, 2 көкпар, бесік той мен ас беру тіркелген.   Осы орайда  облыс полицейлері карантин кезінде той-жиындар, басқосулар, отбасылық, мерекелік, ұжымдық іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынғанын, оған қоса бетперделік режим мен арақашықтықты үнемі сақтау міндеттелетінін, заңға баршамыз бағынуымыз керектігін ескертуде. Алайда полицейлердің күнделікті ескертулерін елегісі келмейтіндер де баршылық. Мысалы, Мақтаарал ауданында бір күнде карантин талаптарын сақтамаудың 30-ға жуық дерегі анықталған.

Мақтаарал ауданының полицейлері COVID-19 коронавирустық инфекциясына байланысты карантиндік режимнің сақталуын бақылау бойынша рейдтерді күнделікті атқаруда. Олар мобильді топтармен бірге адамдар көп шоғырланған, сауда және ойын-сауық орындары, дүкендер мен базарларды, қоғамдық көліктер мен көшелерді аралап, шектеу шараларының сақталуын тексеруде. Осыған байланысты небары бір күндік рейд кезінде Мақтаарал ауданында ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша карантин талаптарын сақтамаған 30-ға жуық жайтты анықтады. 

Аудандағы 4 жанар-жағармай бекеттері жұмысшыларының бетпердесіз қызмет көрсеткені, 2 ойынхананың түнгі уақытта жұмыс істеп тұрғаны мен оның иелерінің  және 12 дүкен сатушысының бетпердесіз қызмет көрсеткені белгілі болды. Сондай-ақ басқа да сауда орындарына тұрғындардың бетпердесіз кіргені анықталды. Полицейлер анықталған жайттардың барлығында мобильдік топ қызметкерлерімен бірге арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң аясындағы тиісті шараларды атқарды. Яғни құжаттар жинақталып, СЭС-ке жолданды. 

Қайырымды полицейлер

Жаңа жылдың алғашқы күндерін полицейлер қайырымдылықпен бастады. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Ермек Нұралиев игі істі ұйымдастыруға ұйытқы болды. Яғни Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері басшылықпен бірге ұйымдасып, ерікті түрде бір ауыздан өз қаржыларын жинақтады. 

Тәртіп сақшылары жиналған ақшаларына мал алып құрбандыққа шалды. Сонымен қатар күнделікті тұрмыста пайдалануға қажетті азық-түліктер мен жаңа сойылған малдың етін тұрмысы төмен бірнеше отбасыға апарып табыстады. Сарыағаш АПБ бастығы полиция полковнигі Ермек Нұралиев оларды мерекелерімен құттықтап, сиыр жылында мол табыстар мен мықты денсаулық тіледі. 

Өз кезегінде Сарыағаш ауданының көпбалалы аналары игі іс жасаған полицейлерге және үйлеріне арнайы келіп, жағдайларын біліп, елеп-ескерген полиция бастығына риясыз ризашылықтарын жеткізді. «Қыс ауасында күнделікті тұтынатын азық-түліктермен қамтып жатқандарыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Жаңа жыл барлығымыздың отбасымызға жақсылығын алып келсін! Жанашырлықтарыңызға алғыс» - деді көпбалалы аналардың бірі. 

Айта кетелік, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін мешіттердің имамдарынан және өз аумағын бес саусағындай білетін учаскелік полицейлерден алып, қайырымдылық шараларын дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұрады. 

Мария Сәулебекқызы

Шымкент: Рысқұлов–Қонаев қиылысындағы жолайрық құрылысының ІІ кезеңі қарашада аяқталады
Ақбота Керімбекова тестке дайындалып жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу