Шымкент: Рысқұлов–Қонаев қиылысындағы жолайрық құрылысының ІІ кезеңі қарашада аяқталады

Oinet.kz 13-01-2021 521

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді. 

– Шымкент қаласы бойынша 2021 жылы 128 нысан, яғни, 253,1 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 109-ы орташа жөндеуден өтеді. Олардың 7-еуі – ірі магистральді, қалғаны – ішкі орамдық және бұрын жол болмаған көшелер. Сонымен қатар Рысқұлов–Қонаев қиылысындағы жолайрықтың екінші кезеңі қаңтар айының жиырмасына басталады. Құрылыстың екінші кезеңін қала әкімінің тапсырмасына сәйкес осы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланып отыр. Ал Қонаев даңғылы 1 қыркүйекте ашылады, – деді Мақсұт Пернебайұлы.

Спикердің айтуынша,  бұл кезеңде жол жабынын бұзу, инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жер қазу, тіреу қабырғаларын бетондау, жол өткелінің құрылысы және жол жамылғысын салу жұмыстары атқарылады. Аталған құрылысты «Bazis Construction» ЖШС-і жүргізеді. 

Айта кетейік, қала көшелерінде көлік кептелістерін болдырмау және жол апаттарын алдын алу мақсатында жүргізіліп отырған жолайрықтың екінші кезеңінде Қонаев даңғылы (Роял клубы тұсынан Рысқұлов көшесіне дейін) және Бәйдібек би даңғылы (Рысқұлов көшесінен Дулати көшесіне дейін) толығымен жабылады. Көлік ағыны Дулати, Қазыбек би, Байырқұм, Байтұрсынов көшелеріне бағытталады.

Еске салсақ, жолайрықтың I кезеңінде жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын инженерлік желі, 7500 м3 жер, 75 қада құю және 7 бағана орнату жұмыстары орындалды.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайым депутат атанды
Бас полицей байланыста!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу