Халықаралық бақылаушылар сайлауға бағасын берді
Халықаралық бақылаушылар сайлауға бағасын берді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйым өкілдері саяси науқанды сынап, бірқатар ескертпе жасағанымен, сайлау қорытындысын мойындап отыр. Ұйым бақылаушылары Қазақстанда "еститін үкімет" форматының ары қарай да дами беретініне үміттенеді, деп хабарлайды Oinet.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына енетін елдерден де бақылаушылар өз миссиясын атқарып, есебін тапсырды. Еліміздің барлық өңірін қамтыған бұл ұйымның бақылау миссиясын жүзеге асырғандардың сайлауға берген бағасы жоғары. ТМД елдерінен келген бақылаушылар да Қазақстанның әр түкпірінен 50 шақты сайлау учаскесін тексерген. Дауыс беру барысын қалтқысыз қадағаландардың айтуынша, карантин уақытындағы сайлаудың ұйымдастырылуына алғашында күмәнмен қараған. Алайда ұқыппен ұйымдастырылған дауыс беруден соң, ойын өзгертіпті.
- Бірде-бір заң бұзушылықты байқамадық. Сайлау өте жоғары деңгейде сауатты ұйымдастырылған. Пандемиядағы карантиндік шектеулерге қарамастан санитарлық талаптар ұқыппен сақталды. Бетперде, қолғап секілді қорғаныш құралдарының жетіспеушілігі мүлдем байқалмады. Ал дауыс беру кабиналарындағы шымылдықтың болмауы табылған санитарлық амал, - деді РФ мемлекеттік думасының ТМД істері бойынша комитеті төрағасының орынбасары Умахан Умаханов.