Билеуші партия ұтылды
Коронавирус пен экономикалық дағдарыс Румынияның премьер-министрін тағынан тайдыратын секілді. Таяуда өткен парламент сайлауында Людовик Орбанның «Ұлттық-либералдар партиясы» ұтылып қалды. Осыған байланысты Үкімет басшысы қызметінен кететінін мәлімдеп отыр деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Тартысты өткен саяси додада оппозициялық «Социал-демократиялық партияның» айы оңынан туды. Олар дауыстың 30%-ын, ал билеуші партия 25% иеленді. Бұдан басқа, «Либералдарға» жақтас «Румынияны құтқару одағы» 15%-ке қол жеткізген. Енді осы екі партия коалицияға бірігіп, Парламентте бәрібір басымдыққа жетуі мүмкін. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Румыниядағы Парламент сайлауына қатысу деңгейі 32%-ті құрады. Бұл соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіш. «Румыния азаматтары Парламент сайлауында өз таңдауын жасады. Көп ұзамай премьер-министрліктен кетемін. Үкіметтегі әріптестеріммен бірігіп, жақсы жұмыс істей білдік. Жіберілген барлық кемшіліктерді қайта саралауға тырысамын. Ендігі менің мақсатым – Парламентте көп орынға ие болу. Басқа партиялармен келіссөздерге кірісеміз», – деп мәлімдеді, Румынияның премьер-министрі Людовик Орбан.