Ақтөбеде негізсіз айыпталған шенеунікке мемлекет өтемақы төлейді
Ақтөбеде негізсіз айыпталып, 5 айын қамауда өткізген, кейін ақталып шыққан Жанаргүл Дүйсекеноваға мемлекет өтемақы төлейді, деп хабарлайды Oinet.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жанаргүл Дүйсекенова қаржы министрлігінінің үстінен сотқа шағымданған. Себебі, ол бір жыл бойы тергеуде болып, оның бес айын абақтыда өткізген.
Жанаргүл Дүйсекеноваға 50-ге жуық ақтөбелікті мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін деп алдады деген айып тағылды. Бірақ жәбірленушілердің бірде-бірі шенеуніктің алаяқтық жолмен ақша алғанын сотта айта алмады.
- Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкерінен алдандық - деді олар.
Ақыры сот тұрғын үй қатынастары бөлімінің экс-басшысын ақтап шықты.
Енді Жанаргүл Дүйсекенова өзін бір жыл бойы жазықсыз әуреге салып, абақтыға жапқандардан 3 миллион теңге өтемақы талап еткен. Азаматтық істі қараған судья шығын көлемін 800 мың теңгеге бағалап, оны қаржы министрлігінен өндіруді жөн деп шешіпті.
Ал жәбірленушінің басты мақсаты – ақша даулау емес, тергеушілерге кешірім сұрату болыпты.
- Ақша туралы мәселе емес. Іштегі сол оқиғалардың енді орнын келтіру үшін, мені мемқызметкердің атағына қайтару үшін. Өкініштісі, құқық қорғау органдардың шешімі қанағаттандырған жоқ. Яғни менің алдымда кешірім сұрау, - жәбірленуші Жанаргүл Дүйсекенова.