Анасынан айырылған ақтөбелік төрт бала элиталы үйге кірді (фото)
Әлеуметтік желі арқылы елді жылатқан төрт бүлдіршінге Ақтөбе қаласының элиталы ауданынан үш бөлмелі үйдің кілті тапсырылды. Жалдамалы пәтерде қиналып, қайтыс болған анасын сағынып жылаған балалардың жанайқайы ел президентіне дейін жеткен, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Президенттен тапсырма алғанын айтқан Ақтөбе облысының әкімі қамкөңіл отбасыға баспана кілтін өзі барып тапсырды.
- Әлеуметтік желіге шыққан төрт баланың тағдыры республика көлемінде тарап, бәрімізге мәлім болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз бақылауына алды. Мәселені ыждағаттап шешуді тапсырды. Бұл жерде "Харекет" қоры бар, облысымыздың жомарт жандары бірікті. Шүкір, жақсы қаржы жиналды. "Нектар" құрылыс компаниясы Батыс-2 ауданынан үш бөлмелі 93 шаршы метр болатын баспанасын ұсынды, - дейді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.
Ол баспана толықтай қажетті бұйымдармен жабдықталғанын да алға тартты.
- Жақсылық істесең бүтінімен істе" деген, тиісті жиһаз, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ секілді қажетті бұйымдарымен тапсырылды. Балалар ұзақ жыл тұрмыстық қиын жағдайда тұрған. Келешекте тұрмыстың қиыншылығын көрмесін деген тілек болды. Өкініштісі, балалар анасынан айырылып қалды, - деп жалғастырды облыс әкімі.
- Жолдасын жұмыспен қамтыдық. Игі істе еліміз елдігін, мейірімділікті, қайырымдылықты көрсетті. Осындайда ауызбіршілік көрсете алу - үлкен қуаныш. Балалардың баспаналы болғанына ел қуанды, - дейді Оразалин.
Ақтөбе облысының әкімдігі Үсеновтер отбасы осыған дейін суды тасып ішіп, бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрған. Балалардың қиын жағдайын туыстары "Харекет" қорына хабарлап, көмек сұрайды. Қордың ұйымдастыруымен балалардың тағдыры туралы видео түсірілді. 5 қыркүйек күні ұйқыдан оянбай қалған анасын сағынғандарын айтқан балалар көз жастарына ерік берген еді. Тірі болса, 5 қараша күні аналары 34 жасқа толатын еді.
- Өте қиын. Анасы бар адамдар бақытты. Аналарыңды тірі кезінде қадірлеңдер. Мамам тірі болғанда, оған жақсы көретінімді күнде айтар едім. Біз мамамызды қатты сағындық, - дейді бүлдіршіндер.
Үш ай бұрын анасы қайтқан балалар қазір әке тәрбиесінде. 13 жастағы үлкен қызы тамақ дайындап, бауырларына қарап, сабағын оқытады.