Бауыржан қатыспайтын болды
Азия Чемпиондар Лигасында «Әл-Саддқа» қарсы ойынынан кейін футболшының тапсырған допинг-сынамасынан тыйым салынған препарат табылған. Ол уақытша ресми ойындарға қатыспайды. Азия футбол конфедерациясы футболшыға және «Әл-Айн» клубына допинг-сынақтың қорытындысын хабарлады.
- «Әл Садд» - «Әл-Айн» арасындағы матч 18 қыркүйекте 2019/20 Азия Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында өтті. Исламхан сол кездесуде 68 минут ойнады. Оның командасы Катарға 10 қыркүйекте келген. Футболшыларға клуб аумағынан сыртқа шығуға рұқсат берілген жоқ. Яғни тыйым салынған препарат қазақстандық жартылай қорғаушының ағзасына дәл сол клуб аумағында орналасқан уақытта түсуі мүмкін. Бұл мәселеге қатысты «Әл-Айн» клубы ресми ақпарат берген жоқ. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратты растап отыр. Федерацияның ресми сайтында Ұлттық құраманың бірнеше негізгі ойыншылары алдағы матчтарға қатыса алмайтындығы туралы ақпарат пайда болды. Ол футболшылардың тізімінде Исламхан да бар. «Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан да көмекке келе алмайды. Азия Чемпиондар Лигасының ойынынан кейін футболшының тапсырған допинг-сынағында тыйым салынған препарат табылған. Ол уақытша ресми ойындарға қатыспайды», - деп хабарлады ҚФФ-ның сайты.
Бұрын Исламхан УЕФА аясында өткен еуропалық жарыстар уақытында бірнеше рет допинг-сынақтардан өткен. Ол уақытта оның денесінен тыйым салынған дәрі-дәрмектер анықталмаған болатын. Ал енді жақын арада қазақстандық футболшы кәсіби деңгейде де матчтардан уақытша шеттетілуі мүмкін.
Сондай-ақ жарақаттарына байланысты жартылай қорғаушылар Бактиёр Зайнутдинов, Серікжан Мужиков, Думан Нәрзілдаев, орталық қорғаушы Сергей Малый да ұлттық құраманың қатарына келе алмады. Денсаулықтарына байланысты алдағы ойындарға қорғаушы Темірлан Ерланов пен жартылай қорғаушы Асхат Тағыбергеннің де қатыспауы мүмкін. Қосалқы тізімнен орталық алаңда ойнайтын жартылай қорғаушылар Аслан Дарабаев пен Юрий Перцух, сонымен қатар, шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай шақырылды.