Павлодар қаласының тағы бір экс-әкімі қамауға алынды
Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілініп, қамауға алынды, деп хабарлайды Oinet.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
- Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл департаменті о. Қайыргелдиновке қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша қылмыстық істі тергеуде, - деді өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының орынбасары Дархан Құрақбаев.
Тергеу нұсқасы бойынша, Павлодардың экс-әкімі сыбайлас жемқорлық әрекетін Павлодар облысы Баянауыл ауданының әкімдігін басқарған кезде жасаған.
- Ол (Оразгелді Қайыргелдинов) әдейі облыстық бюджет қаражаты есебінен Баянауыл ауданының коммуналдық меншігін, пайдалануға жарамсыз әуеайлақты 240 миллион теңге мөлшерінде заңсыз сатып алды деп күдіктелуде. Оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр, - деп жауап берді Құрақбаев.
Ведомство сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етілмейтінін атап өтті.
Павлодар облысында шағын авиацияға қызмет көрсету үшін аэродром салу туралы алғаш рет 2017 жылы айтылды. Бұл ретте бас бастамашы өңірдің бұрынғы экс-әкімі Болат Бақауов еді, ол сол кезде салынып жатқан тау шаңғысы базасын дамытуға және Баянауыл ұлттық паркінің туристер үшін тартымдылығын арттыруға ниеттенген.
Сол жылдың жазында ұшу жолағына 16 жолаушысы бар алғашқы екі моторлы ұшақ қонды, оның бортында Баянауылды Павлодар, Қарағанды және Астанамен жыл бойы тікелей авиарейстермен байланыстыруға уәде берген Бақауовтың өзі де болды. 2018 жылдың тамыз айында азаматтық авиация комитеті нысанның құрылысы аяқталуға жақын екенін хабарлады. Алайда, облыстың экс-әкімі мен аудан әкімінің жоспары құлдырап кетті, осы жылдың қаңтарында екеуі де шамамен бір уақытта, бірақ әртүрлі себептермен тергеуге алынды. Бұған дейін сотталған Бақауовтан айырмашылығы, Қайыргелдиновты биылғы қазанда тұтқындауға санкция берілген.
Оразгелді Қайыргелдинов Павлодар қаласын 2011-2014 жылдар аралығында басқарды. Одан кейін бұл лауазымды Болат Бақауов иеленді, ал Қайыргелдинов облыс әкімі аппаратының коммуналдық кәсіпорнын басқарды, ал екі жылдан кейін аудан әкімінің креслосына отырды. 2019 жылдың желтоқсанында шенеунік жұмыстан шығып, осы жылдың қаңтарында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің аймақтық салалық кәсіподағы басшысының орынбасары болды.