Су бағасы қымбаттамайды

Oinet.kz 21-10-2020 771

Су.jpg

Су бергеннің – сауабы бар, су төккеннің жауабы бар. Біздің тыныс-тіршілігіміздің мөлдір көзіне айналған тамшы судың да сұрауы бар. Шынын айтсақ, күнделікті тұрмысымызда суды ішіп, керегімізге жаратып, шөліміз қанса және судың бағасы қымбаттап кетпесе болды. Оның астарында «Қайдан келді? Қандай жұмыстар атқарылды? Су құбырларының мәселесі, судың құрамы» секілді тақырыптарға бас ауырпайтынымыз рас. Десе де, миллиардтаған қаржы жұмсалып жатқан инвестициялық жобалардың да қадағалауы мен тексеруі болатыны белгілі. Осы ретте Табиғи монополияларды реттеу комитеті бойынша департаментінің өкілдері «2016-2021 жылдар кезеңіне арналған инвестициялық бағдарлама» шеңберінде «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның өткен жылға арналған жоба-жоспардың орындалуын көру мақсатында Шымкентке ат басын бұрған екен. 

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевтың қатысуымен және департамент өкілдерімен бірге «Су арнасынан» бастап араладық. Жалпы тіршілік нәрінің бүгінге дейін жетуі макетімен таныстық. Көзге оттай басылған балалық шағымызда өзіміз су тартып ішкен құдық макеті еді. Міне, содан бастап автоматтандырылған есептегіш жүйелерді, су өлшейтін құралдарды көрдік. Естеріңізде болса, бұрын бір адамның үйінде су құбырынан ақау шығып, қауіпті жағдай орын алса, не болмаса жөндеу жұмыстарына байланысты күллі қала сусыз отыратын еді ғой. Бүгінде әр көшенің, әр үйдің құбыры мен суды тоқтататын құрылғысы бөлек, яғни сол арқылы суды өшіруге болады. 

Су жүйесінің көрінісін тамашалап болған соң «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС директоры Анарбек Орман 2019 жылы инвестициялық бағдарлама бойынша сөз сөйлеп, республикадан келген Табиғи монополия өкілдеріне қаладағы су мәселесінің жай-жапсарын баяндады. Жоба бойынша нақты орындалғаны 5,044 млрд теңгені құрап отыр екен. Атқарылған жұмыстар 11 бөлімді қамтиды. Олардың негізгілері су құбыры, кәріз желілерін қайта жаңарту, Көмешбұлақ су құбыры құрылысын салу, сорғы станциялары мен ұңғымаларда процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу, энергия үнемдейтін сорғыларды орнатумен сорғы станциясын жаңғырту. 

– Мұндағы жұмыстың өзі заңнамамен регламенттелген. Ол жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде.  Серіктестіктің өзіне алған міндеттемелерін орындауы жыл сайын тексеріліп отырады. Тарифтік смета бойынша жеке қаралады, өзінің бағасына сай  тікелей шығындар, сондай-ақ  инвестициялық бағдарламаның орындалуы жеке-жеке қарастырылады. Қазіргі таңда 240-қа жуық су арналары тексерістен өтіп, нәтижесінде табиғи монополия субъектілері  8,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға  өз міндеттемелерін орындамағаны анықталды. Осылайша үнемделген қаржы  субъекттің  тарифтерінен шегеріледі де, сәйкесінше орындалмаған қаржыға тең көлемде төмендейтін болады.  Ал Шымкент қаласы «Су ресурстары» бойынша айтсақ 5,5 миллиард теңгеге міндеттемелері бар. Олар толық дерлік орындалға, – деді Кім?.

2017 жылы қаладағы ескі құбырдың 98,5%-ға тозғанын есепке алып, былтырға дейін су құбырында тұтынушылардың шаруашылық ауыз суының жиі болмауына әкеп соққан 5 су құбырының жарылу фактісі, істен шығу мәселелері жиілеп кеткендіктен мамандар халықты әбігерге салмаудың алмалын қарастырған. Техникалық тұрғыдан тозған су құбырын қайта құру бойынша жұмыстар жүргізу туралы шешім қабылданған. Қазіргі таңда орнатылып жатқан пластикалық құбыр Атыраудағы «Шеврон» америкалық компанияның өнімі. Еуропалық технологияның озық үлгісі саналатын пластикалық құбырдың жұмыс істеу мерзімі 70 жыл. 

Айтпақшы, қанша жерден құбырлар ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқанымен қала тұрғындары судан қағылып отырған жоқ. Себебі ескі құбыр орнында. Пластикалық құбыр іске қосыла салысымен, ескісін кесіп жалғайды екен. Тіпті, су құбырын тартып жатырмыз деп, көшелер жабылып, автокөліктерге жүруге тыйым салынып жатқан жоқ. Жолдың жиегінен-ақ құрылысшылар тірлікті тындырып жүр.

– Халыққа сапалы қызмет жасау үшін суды тасымалдау, оны бөліп жеткізу және кәріз жүйесінде пайдаланған суларды тазарту жұмыстарын талап етіп жатырмыз. 15 жылдың ішінде жалпы 24 миллиард теңге инвестиция салдық. Соның арқасында 1800 шақырымның 1000 шақырымын пластикалық құбырларға ауыстыруға қол жеткіздік. Бұл су құбырының қайта құру қажеттілігі оның толық тозуымен байланысты. Биыл 121 құбырды ауыстыруға қол жеткіздік. Темір құбырды жөндеп шаршадық. Шығыны да көп. Пластикалық құбырларды салдық. Жақын арада іске қосылады, - дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС директоры Анарбек Орман. 

Серіктестік 1996 жылы Шымкентте 76 миллион текше метр су жіберген. Бірақ қалада оның күші 3-қабаттан ары көтерілмейтін. Сонда әр адам басына 456 литр суды пайдаланатын болған. Қазіргі таңда қалада 47 миллион текше метр су беріліп жатқан болса, оны адам басына шаққанда  120 литрден аспай отыр. Сонда атқарылған жұмыстар нәтижесінде, әсіресе, есептеу құрылғысын орнатқаннан кейін орынсыз су шығындары 4 есеге жуық азайып отыр екен.

Сондай–ақ, 2020 жылға инвестициялық бағдарламаның сомасы - 2,4 млрд теңге болып бекітілді және 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олардың негізгілері – су құбыры (34128 п.м.), кәріз желілерін қайта құру (7338 п.м.), Көмешбұлақ су құбырын салу, 2-ші кезең (1нысан), энергия үнемдейтін сорғыларды орнатумен сорғы станциясын жаңғырту (3 нысан), су қысымын бақылауды автоматтандыру (2 дана) болып табылады. Бүгінде үшінші мегаполис тұрғындарына су туралы сөз қозғасаң, алдымен тариф туралы әңгіме өрбиді. Республика бойынша қала тариф жөнінен 10 орында тұр. Және әзірге су бағасы қымбаттамайды. «Бекітілген 5 жылдық тариф бар. Соның көлемінде жұмыс істейміз. Ал жаңа тарифке  2021 жылдың шілде айында шығуымыз керек. Оған дайындық жұмыстарына кірісіп жатырмыз. Уақытында көреміз», – дейді Анарбек Орман.

Су мамандары арнайы статистика жасаған екен. Мәселен, шаһардағы 69 пайыз тұтынушылардың әрқайсысы 1 айда «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС көрсететін қызметке 220 теңге төлейді. Бір литр судың құны 9 теңге екен. Сонда  күніне әр адам 2 литр су ішетін болса, айына 540 теңге төлейміз.  Қымбат па, арзан ба? 

Мария Сәулебекқызы

Нұр-Сұлтан әуежайынан қашып кеткен ер адам шенеунік болып шықты
WhatsApp мессенджерінде жаңа функция пайда болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу