Пәтерден денесі табылған қыз жайлы тың дерек шықты (видео)
Шымкентте бойжеткеннің мәйіті табылды. 20 жастағы қызды жалдамалы пәтерлердің бірінде тұншықтырып өлтіріп кеткен. Оқиғаның мән-жайы туралы Oinet.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Пәтер иесі марқұмның денесін тек екі тәуліктен кейін ғана байқапты. Себебі, баспананы жалға алған жігіт есікті сыртынан құлыптап, өзі белгісіз жаққа қашып кеткен көрінеді. Осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бойжеткеннің мәйіті 18- шағын аудандағы "Атамекен" тұрғын үй кешенінен табылған. Үй төрайымының сөзінше, мұнда жалға берілетін пәтерлер көп көрінеді. Әлгі күдікті де осы жерден екі тәулікке пәтерді жалға алыпты. Сөйтіп өзімен бірге бойжеткенді ертіп келген. Полицейлер марқұмның Түркістан облысының тұрғыны болғанын айтады. Жасы 20-да екен.
- "Мәйітті қарау барысында мойын тұсында қылқындыру белгілері анықталып, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысымен қылқындырудың нәтижесінде қайтыс болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге бұлтартпау шарасы қолданылды",- деді Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов.
Осы оқиға бойынша, адам өлтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Шұғыл іске кіріскен тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, көп ұзамай қолға түсірген. Ол Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны екен. Жігіт сол маңдағы бейнекамераға түсіп қалыпты. Марқұмның денесін алғаш пәтер иесі байқапты. Екі тәулікке жалға алған жігіттен хабар болмаған соң өзі үйге келіп, сұмдық жағдайды көрген. Полицейлерді шақырған да сол кісі екен.
- "Екі өлім. Бізде бір жігіт қайтыс болған, ол 10-қабаттан құлап кеткен. Ол да пәтер жалдаған. Жас жігіт 29-да. Мына кісі - 20-жастағы қыз. Өзі жүкті", - деді тұрғын үй кешенінің төрайымы.
Қазір күдікті қамауға алынған. Қаскүнемнің неліктен жас қыздың өмірін қиғаны әзірге белгісіз. Жай-жапсары тергеу барысында белілі болады дейді полицейлер.