Еңбек адамын ардақтайық: "Оңтүстік жолдары" мекемесінде "Еңбек күні" атап өтілді
Қазақ халқы қашан да еңбекке аса үлкен мән берген. Дана халқымыз«Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек мұратқа жеткізер», «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады», – деп еңбектенудің адамдарға қажетті нағыз байлық екенін көрсеткен. Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде республика көлемінде «Еңбек күні» атап өтілді.
Осы орайда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің бірлесе ұйымдастыруымен, "Түркістан облысы және Шымкент қаласының автомобиль көлігі және жол мекемелері" жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов «Еңбек күні» қарсаңында "Оңтүстік жолдары" мекемесінің қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Мерейлі мереке күні салада ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен үздік жұмысшылар – Дархан Усманов пен Сейтжан Бекмұрзаевқа арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Қазақтың Ұлы ақыны Абай айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп білген. Мереке күні барлық еңбеккерлерге зор денсаулық, еңбекте жаңа табыстар және амандық тілейміз!