Сапарбаев Шудың анашасын кәдеге жаратудың жолын айтты

Oinet.kz 22-09-2020 821

Жамбыл облысында Шу алқабында өсетін жабайы  қарасораны кәдеге жаратылмақ. Дәлірегі құрамында есіртікілік зат бар өсімдіктен дәрі-дәрмек жасалмақ. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жуырда Шу ауданында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезектен тыс көшпелі отырысында атап өтті.

image.png

Оған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚК басшысы Марат Ирменов, полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов қатысты.

Айта кету керек, кездесуге дейін облыс әкімі жабайы қарасора өсетін үлкен алқаптарға ие Шу және Меркі аудандарының аумағындағы «Қарасора - 2020» жедел-алдын алу шарасының барысымен танысты.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі таратқаны үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Құқық қорғау органдары есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы тұруда, тыйым салынған препараттардың енуіне және оларды өткізу фактілерінің жолын кесуде. Жыл сайын «Дельта-Долина» есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша аймақаралық бөлім қызметкерлері есірткі тасымалдаушыларды құрықтау маусымын жүргізеді. Нашақорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді, - деп атап өтті облыс әкімі.

Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовтің айтуынша, жыл басынан бері 423 есірткі қылмысы тіркелген, оның ішінде тыйым салынған заттарды сатудың 82, аса ірі мөлшерде сақтаудың 45, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 22 фактісі бар. Барлығы 2,4 тоннадан астам есірткі, оның 1,9 тоннасы "Қарасора" жедел алдын алу шарасы аясында тәркіленген. Полицияның күшімен бір келіден астам героин мен осынша мөлшердегі синтетикалық есірткі, 55 келі гашиштің дайындалуы мен тасымалдануына жолы кесілді.

Полиция еріктілермен бірге үйлер мен ғимараттардың қабырғаларынан 550-ден астам граффитиді жазба жойылып, интернеттегі 50-ден астам сайт бұғатталған.

- Жамбыл облысының аумағында жүз мың гектардан астам жабайы қарасора бар. Каннабисті медициналық мақсатта зерттеу және пайдалану қазіргі таңда қарқын алуда. Басқа елдердің тиімді тәжірибесін негізге ала отырып, каннабисті дәрілік мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік беретін қауіпсіз және тиімді жүйені құрудың уақыты жетті деп ойлаймын. Бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз, - деді Бердібек Сапарбаев.

Аталған жобаның жүзеге асуына инвесторлар да мүдделі. «Zhana Zhol Holding limited» ЖШС директоры Александр Ким Жамбыл облысы аумағында медициналық каннабис өсіру мен өндіру бойынша жобасын ұсынды. Ол каннабистің өндірістік мақсаттағы айналымы жөніндегі өзге елдердің тәжірибесі туралы айтып берді.

Компания ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытып, қарасораны өсіру мен өндіру бағытындағы заманауи технологияларды енгізіп, кейін дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті компоненттерді алуды көздеп отыр. Оның үстіне жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

- Өңірдің климаттық жағдайы, географиялық орналасуы дәрілік заттардың шикізатын зерттеуге, қайта өңдеуге, өндіруге мүмкіндік береді,- деп атап өтті Александр Ким.

Ол жобаны 4 кезеңде жүзеге асыруды ұсынып отыр. Оның аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Сондай-ақ, жаңа экономикалық кластер жасақталады.

Бердібек Сапарбаев мүделлі тараптардың бірлесе жұмыс атқаруы маңызды екенін атап өтті.

- Алғашқы кезеңде пилоттық жобаны жүзеге асыру қажет. Осылайша біз тәуекелге жол бермейміз. Жергілікті мемлекеттік органдар министрліктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып, жобаны созбалаңға салмауы керек, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Украина президентімен кездескен танымал кәсіпкер мәлімдеме жасады
Постановление главного врача санитара города Шымкент
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу