Жолаев келгелі жемқорлық өршіп барады

Oinet.kz 10-09-2020 1115

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейген сайын мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері арасында парамен ұсталу, бюджет қаржысын жеп, қылмыстық жазаға тартылуы үдеп бара жатыр. Әсіресе, Түркістан облысында. 

image.png

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан мәліметтерді оқысаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Биылдың өзінде балабақша меңгерушілерінің қолымен жасалған жемқорлық қылмыстар екі есеге, дәлірегі 12-ден 29-ға, мектеп директорлары арасындағы коррупция екі есеге (11-ден 23-ке), ал колледж директорларының жемқорлыққа баруы 4 есеге (5-тен 19-ға) көбейген. Бұл нені білдіреді? 

Агенттік басшыларының мәліметіне қарағанда, білім саласында коррупция жайлаған өңірлердің ішінде бірінші орында Шығыс Қазақстан облысы (30 факті), екінші орында Түркістан облысы (28 факті), одан кейіні орында Маңғыстау облысы (20 факті) тұр. Биылдың өзінде 6 мектеп директоры, 2 балабақша меңгерушісі, 2 колледж директоры сотталған. 

Мәселен, жуырда Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты Кентау көпсалалы колледжінің директорына  қазына қаржысын талан-таражға салды деген айыппен бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. 

Кентау қалалық сотының шығарған үкіміне қарағанда,  директор О.Бегісбаева 2018-2019 жылдары өзіне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын пайдакүнемдік мақсатпен иемденген. Өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін ол  жеке кәсіпкерлермен алдын ала келісіп, тауарларды бір көзден мемлекеттік сатып алу жөнінде электрондық шарт жасасқан. Келісім бойынша колледж ақшаны кәсіпкердің шотына аударады. Кәсіпкер шотқа түскен ақшадан 4 пайыздан 10 пайызға дейін үлес алып, қаражаттың қалған бөлігін директорға қайтарып беріп отырған (Үкімде дәл осындай қитұрқылықтың оннан астам фактісі келтірілген). Директордың берген тапсырмасымен колледжге  тауарлардың келгендігі жөнінде жалған акті түзілген. Ал шын мәнінде ешқандай тауар жеткізілмеген.  

- Нәтижесінде О.Бегісбаева 2018-2019 жылдардағы мемлекеттік сатып алу жоспарлары бойынша қызмет бабын жеке бас пайдасына пайдаланумен ұштастырып, өзіне сеніп тапсырылған жергілікті бюджет қаражатынан ірі мөлшерде 6 776 426 теңгені иемденіп, жымқырған,-деп жазылған сот үкімінде.  Сотта директор өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Алайда куә ретінде қатысқан колледж қызметкерлері білім беру ұйымына тауарлардың жеткізілмегенін, ал кейбірінің қымбат бағамен келгенін  айтқан. Сот үкімімен директор 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.  Соңғы уақытта Түркістан облысының білім саласында дау-дамай да көп, сыбайлас жемқорлық та көп екендігі рас. Былтыр облыстық адами әлуетті дамыту басқармасы басшысының креслосы сегіз ай бойы бос тұрғаны белгілі.  Алайда көпшілікті сағындырып барып тағайындалған Рахымбек Жолаев елдің үмітін ақтайды деген үміттен көрі күдік көбірек қоюланып барады.  

Әрине, Рахымбек Жолаевтың жеке басында шаруамыз жоқ. Оның адамгершілігі, білімі, өзге өңірлерде жинаған тәжірибесіне ешкім дау айтпайды. Бірақ басшының сол білім мен тәжірибесінен облыстың білім саласына көлеңке түсті ме?  Өңірдің білім саласында дау-дамай мен сыбайлас жемқорлық өршіп жатса, басшының білімді, тәжірибелі болғанынан келер пайда жоқ сияқты. Биыл жыл басында кәсіптік колледждерді сенімді басқаруға берудің ақыры үлкен дауға айналғанын «Рейтинг» газеті бір емес бірнеше мәрте жазды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске келгенде өкінішке қарай, басқарманың басшысы жоғарыға өтірік ақпарат беруден әріге аспай отырған сияқты. Мәселен, Былтыр күзде елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанда мектепке маман қабылдаудың цифрландырылғанын алға тартып, «ақша беріп жұмысқа тұру деген сұмдықты цифрландырудың арқасында түп-тамырымен жойдық» дегені есте қалыпты. Облыс әкімі тіпті жұмысқа парамен қабылдауды  алыпқашты әңгімеге балаған болатын. Осыдан кейін одан бергі жақтағы басшылар да мектепке маманды парамен қабылдаудың қауесет екендігін, ондай жағдайға жол берілмейтінін айтудан жалықпай келеді. Алайда арада бір апта өткенде Түркістан облысында бір мектеп директоры парамен ұсталды.  Құзырлы органдардың сол кезде таратқан мәліметтеріне қарағанда, Жетісай ауданындағы мектеп директоры әлдебір азаматты жұмысқа қабылдау үшін 100 мың теңге пара талап еткен. Директор қолға түскеннен кейін  кінәсін мойындауына байланысты қамауға алынбағаны, оған қатысты тергеу амалдарының жеделдетілген тәртіппен жүргізілетіні айтылды. Сонда кімді кім алдады? Сол баяғы әдіс-тәсіл әлі де қайталанып жатыр. 

Биыл сәуірде облыс әкімдігінде өткен жиында Рахымбек Жолаев адами факторды азайту мақсатында Түркістан облысының барлық 902 мектебінде Smart.nation жүйесі ендірілгенін, аталған жүйе арқылы жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдауды және мектеп директорларын конкурстық тағайындау процесінде адами факторды тоқтататынын айтқан болатын.

— Smart.nation порталы Enbek.kz порталымен интеграцияланды. Бұл жоба коррупциялық тәуекелді 50 пайыздан 2 пайызға төмендетті. 1 жыл бұрын арыздардың 60 пайызы жұмысқа орналасуға байланысты болса, қазір – 55 пайыздан 5 пайызға дейін түскен. jumys.sitcen.kz жүйесін Президент Әкімшілігі «Ең үздік жоба» деп танып, басқа облыстарда енгізуге ұсынылды, – деген болатын Р.Жолаев.

Алайда соңғы мәліметтерге қарағанда, осы жуырда ғана Сарыағаш ауданында бір мектеп директоры парамен ұсталған. Қалтасын қампайтқысы келген директор ақша алудың есебін табады екен. Кінә парақорлардың сол тәбетіне тосқауыл қоюдың есебін таба алмаған Жолаевта жатқан сияқты. 

Бұған дейін айтылғандай, жаңа жылдан бастап аудандықғ қалалық  білім беру бөлімдері облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына бағынатын болады. Бұл деген сөз енді директорларға бақылау әлсірейді. Мұның соңы жемқорлықтың тамырының одан әрі тереңдеуіне әсер етпей ме? Ал ел сенген Жолаевтың жемқорлықты ауыздықтай алмай отырғаны мынау. «Сенген қойым сен болсаң» деген осы. 

Тойында қатты қобалжыған қалыңдық көз жұмды
Мұхит ОТАРШИЕВ, Сарыағаш ауданының әкімі: «Ситуациялық карта нәтижелі жұмысқа бастайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу