«Кісі өлімі көбейеді» – Бекшин пневмония жайлы айтты
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа пневмониядан кісі өлімі көп тіркелетінін айтты, деп хабарлайды Oinet.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жаңа пневмонияның қауіптілігі жоғары. Ол белгісіз пневмонияның таралу себебін Корея технологиясы арқылы анықтап жатқанын жеткізді. Себебі, бұл аурудан адам өлімі жиі тіркеледі екен. Елімізде соңғы тәуліктің ішінде екі өкпесі қабынған тағы 6 науқас көз жұмып, 571 адам ауруханаға жатқызылды. Бекшиннің айтуынша, пневмонияның белгісіз түрі талай жанның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Алматы қаласының бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин пневмониядан кісі өлімі көп тіркеледі деп қауіптеніп отыр.
- «Біз кореялық әріптестеріміздің технологиялық мүмкіндігін пайдаланып жатырмыз. Бір панельде COVID-19, жедел респираторлық вирустың 7 түрін, тұмауды әрі пневмонияны тудыруы мүмкін түрлі бактерияларды орнатуға болады. Өткен аптада біз осындай 38 зерттеу жұмысын жүргіздік. 15 жағдайда пневмонияны бактериялар тудыратынын анықталды. Қалған жағдай адамның өзін-өзі емдеумен байланысты болды», – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Шынында да, елімізде екі өкпесі қабынғандардың саны күн сайын көбейіп, науқас саны 26 мыңнан асып жығылды. Пневмонияға 571 адам шалдығып, 6 адам қайтыс болды. Жалпы 301 адам пневмониядан көз жұмған.