Әділеттілік пен дамуға бірлікте!
Табысты және мықты мемлекеттің алтын діңгегі – еңбекте жетістігі мол адам болып табылатындығы баршаға аян! Жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру және әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету болып табылатын жұмысшылар мен жұмыс берушінің еңбекке байланысты ара-қатынасын реттеп отыратын заңды және тәуелсіз өкілі болып отырған Кәсіподақтың арқалап отырған жүгі ауыр.
Еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы – жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасында басты медиатор, қоғамдағы ірі және қуатты азаматтық институттардың бірі. Қазіргі қиын-қыстау күндері қоғамда туындаған мәселелердің оңтайлы шешімін табуға және уақтылы сезінуге мүмкіндік беретін, еңбек жағдайларын қолайлы және қауіпсіз етуді жалғастыру мақсатында, кәсіподақ үлкен жасампаздық жұмыстар атқаруда. Еңбек нарығында жұмыс беруші мен жұмысшының арасында Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қатынастарын реттейтін екі жақты келісім-шарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында ұжымдық шарт болуы қажет. Сол ұжымдық шарт арқылы еңбек адамының еңбек ету құқығы реттеліп отырады. Яғни кәсіподақ олардың әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің заң аясында сақталуын бақылайды. Кәсіподақ мүшесінің құқығы бұзылған жағдайда, сол еңбек дауын мүмкіндігінше бейбіт түрде реттеуге тырысады. Қажет болған жағдайда заң органдарында олармен бірге қорғаушы ретінде әрекет жасайды. Көбінде еңбек ұжымдарының өзін де ушықтырмай шешуге атсалысады. Біз¬дің басты алға қойған бағдар – ел азаматтарының жұмысқа орнала-суы мен жаңа жұмыс орындарын құруда олар¬дың құқығының бұзылмауын бақылау, көзден таса етпей, назарда ұстау. Кез-келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық», – деп бекер айтпаса керек. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Шымкент қаласында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссия жұмыс істейді. Оның отырысында еңбек қатынастары, оның ішінде еңбек, ұжымдық шарт жасасу бойынша, өндірістік жазатайым оқиғалар және жалақы қарыздары орын алған кәсіпорындар, мекемелер басшыларының қатысуымен қарап, олардың жауапкершілігін арттыру жұмыстары және алдын алу шаралары тұрақты негізде күн тәртібіне сәйкес жоспарлы жүргізілуде. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Жоғары соты мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Аталған меморандум аясында еліміздің барлық кәсіподақтар орталықтары жанында «Татуластыру орталығы» жұмыс жасауда. Жалпы татуластыру орталығының негізгі мақсаты – кінәліні анықтау емес, тараптарды татуластыру болып табылады. Өзімізде «Татуластыру орталығында» 2020 жылдың 6 айында жалпы 183 адамға көмек көрсетіп үлгердік. Соңғы кезде жұмыскерлер кәсіпорын өміріне белсене араласып, кәсіподақ ұйымына кірушілер саны артуда. Кәсіподақтардың әділдік, бірлік және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген даңқты дәстүрі беки берсін!
"Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" аумаұтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов