Қарағандылықтар «Қазақстан! Нұрсұлтан!» деп айқайламай қойды (видео)

Oinet.kz 27-03-2019 1885

Screenshot_3.jpg

Oinet.kz - Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатқан болатын. Оның орнына Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Жаңа президент Қазақстан Республикасының аяқтан тұрып, өзге мемлекеттермен иық тірестіруіне зор еңбегін сіңірген Елбасы атын тарихта сақтап қалу үшін бас қала - Астананы "Нұрсұлтан" деп атауды, облыс орталықтарындағы негізгі даңғылдарға тұңғыш Президент есімін беруді ұсынды. 

Міне, осы тұста жергілікті атқарушы органдар алаулатып-жалаулатып шыға келді. Олар жастарды, түрлі белсенділерді жинап, "біз Астананың жаңа атауын қолдаймыз" деген сыңайда ұрандатқызды. Бір мезетте бірнеше мың адамға "Қазақстан! Нұрсұлтан!" деп айқайлатты. Осы арқылы экс-мемлекет басшысына деген облыс жұртшылығының құрметін көрсеткісі келсе керек. Дегенмен, бұл кешегі Совет Одағы тұсындағы "шаш ал десе, бас алатын" шолақ белсенділердің әрекетін еске түсіреді екен.

Әйтпесе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұндай жасанды іс-шараларға мұқтаж емес. Жалаң ұранға толы жиындарсыз-ақ көпшілік тұңғыш Президентті бұрыннан құрметтейді. Кешегі Тәуелсіздік алған жылдардан бүгінге дейін, шамамен 30 жылға жуық уақыт мемлекетте бейбітшілік пен ынтымақтастық сақталды. Қазақстан ТМД елдері арасында экономикалық әлеуеті жағынан алғашқы 3-тіктен тұрақты түрде көріне білді. Әрине, мұның бәрі Елбасының арқасы екені белгілі. "Алғыс айту" флешмобы өтпесе, Нұрсұлтан Әбішұлының сыйы ортайып қалмайды.  

Қазір жер-жерде жергілікті атқарушы билік тарапынан жұртшылықты жинап алып, ұрандатқызу үрдісі белең алуда. Әлеуметтік желілерден "мына қалада бір мезетте 10 мың адам "Қазақстан! Нұрсұлтан!" деп ұрандатты, ана қалада 20 мың адам қолдады" деген ақпараттарды көзіміз жиі шалып жатады. 

Жақында Қарағанды қаласында да осындай іс-шара ұйымдастырмақ болыпты. Әлеуметтік желілерден іс-шараға дайындық барысын тамашаладық. Мұнда жүргізушілер жиналған қауымға "Қазақстан! Нұрсұлтан" деп айтыңдар деп өтініш айтқанымен, халық оларды тыңдамады. Бірауыздан ұрандатпады. 

Біздіңше, жергілікті атқарушы органдарға халықты ананы айт десе айтатын, мына істе десе істейтін, өзінің ойлау жүйесі жоқ робот не "қой" есебінде көруді доғару керек секілді. Түбінде мұндай жасанды жиындар елді ашындырып жарға апарып соғуы әбден мүмкін. Жоғары билікке жағынғысы келген жергілікті билік артық қылуды көздегенімен, онысы тыртық болып жатқан жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз?  

Screenshot_19.jpg

1 маусымнан бастап 1,5 миллион адамның жалақысы көтеріледі
«Балалар ең бірінші қазақ тілінде білім алу керек» - Президент
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу