Құрғақ уәдеге құмар әкім
12-04-2023
Сирияға аттанған қазақтардың өмірі туралы бейнекөрініс қазір ғаламтордан алынып тасталғанымен, бұл тақырыптың қызу талқылануы әлі күн тәртібінен түскен жоқ. «Қазақтың ер-азаматын отбасымен бірге Сириядағы жихадқа жетелеген қандай күш?». Міне, осы сүбелі сауалға көпшіліктің көкейіндегісін дөп басатын ресми жауап қашан айтылатыны белгісіз. Сирияға кеткен қазақтардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан кем дегенде бірнеше азамат бар. Олардың кейбіреулерінің аты-жөндері бұған дейін басылымдарда жазылды. «Рейтингтің» журналистері жуырда Мақтарал ауданына арнайы барып, Сирияда жүруі мүмкін деген Нұрлан Қаматаевтың анасымен тілдескен болатын.
Еркін Қаматаева, Сирияға аттанған қандасымыздың анасы:
«Ұлым ұялы телефон арқылы өзі хабарласты»
-- Келінім Мәдина ауырып жүрді. Балам оны емдету үшін жан-жаққа сабылды. Алматыға ота жасатуға барып, біржолата тұрақтап қалды. Күн көру үшін әртүрлі жұмыстар істеді...2012 жылы ғой деймін, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұлым Нұрлан Дубайдан көлік әкелуге бара жатқанын айтты. Оншақты күн өткенде сол жақтан мінезі күрт өзгеріп қайтты. Негізі Нұрлан мектепте орыс сыныбында оқыған. Мінезі орыс шатыстау еді. Мен өз басым бұрын адамның басын айналдыру, сиқыр, дуа дегенге сенбейтін едім. Нұрлан Дубайға барып келген соң бәріне де сенетін болдым. Ұлым намаз оқи бастады. Келіншегіне хиджап кигізіп, намаз оқытты. Тіпті бізге де «намаз оқы» деп бұйыруға көшті...Арада біраз уақыт өткенде Нұрлан хабарласып, жұмысының жүрмей жатқанын, енді қатын бала-шағасымен бірге Арабияға кететінін айтты... Енді осы жақында әлгі Сирияда жүрген қазақтар туралы бейнекөріністі телеарнадан көріп, төбемнен жай түскендей болды. Мен Нұрланнан туған екі немерем Дінмұхаммед пен Әбілхайырды көрдім. Олардың бірі 2005 жылы, екіншісі 2007 жылы туылған. Нұрлан мен оның келіншегін және олардың тұңғыштары--Салтанатты көргенім жоқ. Бірақ олардың да сонда жүруі әбден мүмкін. Кәмелеттік жасқа толмаған ұлдарын жалғыз жіберіп қоймаған шығар... Содан ойбайладым да қалдым. Арада біраз күн өткенде ұялы телефоныма бөтен нөмірден қоңырау түсті. Алсам, ұлым Нұрлан екен. «Неге жылап жүрсіз, мен өлген жоқпын ғой» дейді. Ұлым бейнекөріністегінің бәрі өтірік, қолдан жасалған дүние дегенді айтты. Перзентімнің даусын естіп, оның тірі екеніне көз жеткізген соң тілім байланып, не айтарымды білмей қалдым. Нұрланмен бұдан кейін әпкесі сөйлесті. Ұлымның айтуынша, өзі Арабияда жүр. Елге қашан қайтатыны туралы нақты ештеңе айтпады.
Дос Көшім, саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
«Азаттың» жігіттері Армениямен соғысуға Қарабахқа аттанған»
--Қазақтардың Сириядағы соғысқа аттанып кетуіне басты себеп – азаматтардың өзіндік ұстанымы, сенімі дер едім. Әлеуметтік жағдайдың төмендігінен, не болмаса жұмыссыздықтан ешкім де соғысқа аттанбайды, бастарын өлімге тікпейді. Егер сенім-нанымы қан майданға, бастарын өлімге тігуге дейін алып келсе, олар ата-анаға, бауырларына қарайды деп ойламаймын. Меніңше, олардың көпшілігі осы жолда қалады, ал кейбіреулерінің қайтып келуі де ғажап емес. Жастар – еліктегіш келеді, сондықтан олардың діни сенімі де, саяси көзқарастары да уақыт өткен сайын өзгеріп отырады.
Шынымды айтсам, азаматтардың басқа елдегі соғысқа өз еркімен қатысуын – қоғамға қарсы жасалған қылмыс деп қабылдамаймын. Бұл – жеке адамның таңдауы. Олар сол соғысқа өздерінің бағасын береді, соғысушы екі жақтың бірін қолдайды. Бұған қарап оларды қаралаудың, заңбұзар етіп көрсетудің қажеті жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында Хасен Қожа-Ахмет бастаған «Азат» қозғалысының жігіттері (17 адам) Армениямен соғысу үшін Әзірбайжандағы Қарабахқа аттанғанын біреуміз білеміз, біреуміз білмейміз. Ешкім де оларды «бандиттер» деген жоқ. Биліктің саяси көзқарасы мен жеке азаматтардың көзқарастары бір жерден шыға бермейді. Мысалы, мен әлі күнге дейін шешен елінің тәуелсіздігі үшін күрескен жандарды қолдаймын, түсінемін. Ал Ресей жағы болса, оларды «бандиттер» деп атайды.
Егер Қазақстан мемлекетінің идеологиясы Ауғанстанға басып кірген (оларды өзінің елін, жерін қорғады деп ешкім де айта алмайтын болар) Кеңес әскерлерін қолдап, қолпаштап, әр қалаға ескерткіштерін қойса, ал тәуелсіздік үшін күрескен желтоқсандықтарға, «Азат» қозғалысының азаматтарына көңіл аудармаса, бұл – біздің мемлекеттік билік орындарының саясаты. Ал радикалды діни ағымдардың күшейіп келе жатқаны – шындық. Бірақ бұл ағымдарды жазалап тоқтату мүмкін емес деп ойлаймын. Бұл жерде бірінші орынға тәрбие шығуы керек. Қателіктері мен кемшіліктерін көрсете отырып, оларды түгелдей болмаса да көпшілігін дәстүрлі дінге қайта алып келуге болады.
Бекзат Сыздықов, Мақтарал ауданының бас имамы:
«Бүлікті Өзбекстаннан көшіп келгендер бастап жүр»
--Мақтарал ауданында уақтысында «Хизб-ут-Тахрир», «Таблиғи-Жамиғат» діни ұйымдарына мүше болғандар, халифат құрамыз деп даурығып, экстремистік әрекеттері үшін сотталғандар аз болмаған. Мақталы өңірде діни ахуалдың күрделенуі түсуі тегін емес. Ауданда 300 мыңнан аса тұрғын тұрады. Бұл дегеніңіз Маңғыстау, Атырау сияқты кішігірім облыстардың халқымен пара-пар. Халық тығыз қоныстанған. Ең бастысы, Өзбекстанмен арада шекара жақын. Бүліктің басын сол Өзбекстаннан келген жігіттер бастап жүр. Ғаламторды кезіп кеткен атышулы бейнекөріністі көріп, Сирияда кем дегенде 7 мақтаралдық жігіттің жүргенін түсіндім. Осы жігіттер о баста тақуалығымен көзге түспеген. Аяқ астынан өзгерген. Көпшілігі орыс сыныптарында оқыған, сауда-саттықты кәсіп еткен. Ең алғаш көзге түскен жігіттің есімі Талғат. Талғат Өзбекстанның Арнасай деген жерінде туылған. Мақтаралға кейінірек көшіп келген. Сыртта жүріп сауда-саттықпен айналысқан. Айналасына өте ықпалды(уақтысында ол Жетісайдың «положенецы» болған көрінеді). «Мақтаралда теріс ағымдардың жетегіне ерген жігіттердің үгіттеушісі осы Талғат еді» деген әңгіме бар. Талғат жігіттерді өз жағына тарту үшін түрлі әдіс-амал қолданған. Жағдайы жоқтарды, жұмыссыздарды сауда-саттықта тартып, кәсіптеріне ортақтастырған. Олар тәкбіршілдік ағымын ұстанғанға ұқсайды.
Қазір ел арасында Сирияға жихадқа кеткен қазақтар туралы түрлі әңгіме өршіп тұр. Бірі «бәрі де шындықтан алыс. Елдің ішіне іріткі салу, жолдан тайдыру, үгіт-насихат үшін түсірілген» деген сөзге сенеді. «Жоқ, олай емес, жігіттер Сирияда соғысып жүргенін өздері айтып отыр. Олардың өтірік айтуы мүмкін емес» дейді енді бірі. Ал, ресми органдардан тұщымды жауап жоқ. Осы мақаланы дайындау барысында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен хабарласқанбыз. Ол жақтан тек тәкбіршілдік ағым туралы мәліметтерді ғана ала алдық. Ал, Сирияға кеткен қазақтар туралы жартымды ештеңе жоқ. Муфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, басқарма Сирияға кеткен қазақтардың әрекеті шариғат үкімдеріне қайшы келетіндігі туралы пәута шығарыпты. Оны сол Сирия өкіметіне беріпті. Қысқасы өздерінің бұл іске ешқандай қатыстарының жоқ екендігін айтып, ақталудан басқа артық әрекетке бармаған. Бірақ адасқан ағымның жетегінде кеткендерді сырттай «халық жауы» деп жариялап қоя салудан бірдеңе шыға ма? Сіз қалай ойлайсыз?
«Рейтинг» газеті 2104 жыл қаңтар