Майданнан 10 ұлы да аман оралған ана
06-01-2024
Жалпы украин ұлты мен түркі халықтарының арасында ежелден мәдени-рухани байланыстың барын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл байланыс сонау скиф, ғұн дәуірінен бастау алады. Одан беріде Алтын Ордамен, казактармен, қыпшақтармен тамырласады. Украин халқы мен түркі халықтарының шыққан тегі бір болмағанымен, әйтеуір тарих тағдырластырған бір жақындықтың бары анық. Қазір бүкіл әлемді шулатып тұрған Киневтің орталығындағы «Майдан» өзіміздің түсінігіміздегі «майдан» сөзімен тамырлас. Тілтанушылар ол түркінің, әлде парсының «мейдан», яғни «алаң» деген сөзіннен шыққан дейді. Украиндықтардың түсінігінде де ол алаң деген мағынаны береді. Сондықтан да олар тәуелсіздігін жариялаған соң Киевтегі орталық алаңға «Майдан Незалежности», яғни «Тәуелсіздік алаңы» деген атау берді. Ал қазақтың түсінігінде «майдан» соғыстың, күрестің алаңы саналады. Өкінішке қарай, Киевтегі Майдан да соңғы он жылдың көлемінде күрестен, көтерілістерден көз ашпай келеді. Осы майданда соңғы кездері Украиның хас батыры, боксшы Виталий Кличконың есімі жарқын-жарқын естілетін болды.
Қырғыз жерінде дүниеге келген Виталийдің кәсіпқой бокстағы жеткен жеңістерін былай қойғанда оның уақтысында кикбоксингпен айналысқанын, осы спорттың түрінен алты мәрте әлем чемпионы, ал әуесқой бокста үш рет әлем чемпионы болғанын жұрттың бәрі біле бермейді. Қазақстанда дүниеге келген інісі, кәсіпқой бокстан бірнеше мәрте әлем чемпионы, 1996 жылы Олимпиада чемпионы да болған інісі Владимир Кличкоға қарағанда Виталий Кличконың бір ерекшелігі-- саясатпен айналысады. Виталий саясатпен айналысады ма әлде, саясат Виталиймен айналысады ма, ол жағына нақты жауап беру қиындау. Жалпы спортшылардың карьерасын аяқтаған соң саясатқа ойысуы таңқаларлық жаңалық емес қой. Кезінде Олимпиаданың шыңын бағындырғандар, Еуропа, әлем чемпионы атанғандар бүгінде Мәжілістің, Думаның, Раданың төрінде де отыр емес пе? Бірақ Кличконың бір ерекшелігі ол спортты да, саясатты да қатар алып жүр. Бокста ауыр салмақтағы чемпион саясатта да ауыр салмақтағы ойыншылардың қатарына енді де кетті.
Осы күні кеше ғана ақпарат құралдарына сұхбат берген В.Кличко Украинадағы жағдайды шешу президент Виктор Януковичқа тіреліп тұрғанын қадап тұрып айтты. Онымен кездескен Кличко «Мына халық Майданда екі айдан бері бекер тұрған жоқ, бейбіт демонстранттарды қуғаны үшін Ішкі істер министрін отставкіге жібересің, елді осыншама саяси және экономикалық дағдарысқа алып барғаны үшін премьер-министр мен үкімет де отставкіге кетуі керек» депті. «Сен президентсің, сондықтан бәрін өзің шешуге тиістісің» депті Кличко әңгімесінің соңында.
Батырдың айтқанына президент не деп жауып қайырыпты? Пәлендей пікір айтпаған. «Жиналыс жасап, оппозиция өкілдерімен кездесейік, дағдарыстан шығудың жолын бірге іздестірейік» депті.
-- Майдандағы күрес адамдардың өз арасында жүріп жатқан жоқ, бұл азаматтар мен биліктің арасындағы текетірес. Оның соңы азамат соғысына ұласуы мүмкін дегенді айтқым келмей тұр,-- дейді Кличко ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Бірақ ол осы сөзімен осындай қауіптің барын тұспалдайды. Оның алдын алу үшін мерзімінен бұрын президент және Парламент сайлауын өткізу қажет деген ұсынысын да жасырмайды. Кличко Украинаның Конституциясы бойынша 2015 жылы өтетін президенттік сайлауға қатысатынын әлдеқашан мәлімдеп қойған. Егер сайлау биыл, билікке қарсы көңіл-күйдің өрістеп тұрған кезінде өтсе, оппозициялық партияның жетекшісі Кличконың президенттік креслоны иеленіп кетуі әбден мүмкін-ау. Әбден мүмкін. Сарапшылар да осылай дейді. Ал, Кличко президент болса...
Сарапшылар бұған не дейді. Украннының саясаттанушысы С.Михеев былай депті:
--Болжам жасау өте-е қиын. Кличконың саяси ұстанымы мүлдем түсініксіз. Ол саясатқа өз еркімен келген жоқ. Дәл қазір Кличко ел арасында танымалдығын арттырып, ұпай жинап жатыр. Бірақ ертең президент болса, оның не істейтіні ешкім білмейді. Тіпті Кличконың өзі де білмейді.
«Рейтинг» газеті 2014 жыл қаңтар