Экология қауіпсіздігі - халық қауіпсіздігі
Экологиялық қауіпсіздік мәселесі – бүгінгі таңдағы адамзат өркениетінің аса ауқымды проблемаларының бірі болып отыр. Сол үшін де Сарыағашта бүгінде осы мәселе барынша насихатталып жүр. Әсіресе, жер қойнауын заңсыз пайдалануға қарсы күрес жұмыстары облыс көлемінде жүйелі түрде жүргізу қолға алынған. Өзен арналарынан рұқсатсыз тас, құм алуға тосқауыл қойылуда. Заңсыздыққа барғандарға шара көрілуде.
Сарыағаш ауданы аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу фактілерін анықтау және оларға зерттеу жүргізу үшін бірлесіп жұмыс жүргіру мақсатында аудан әкімінің шешімімен құрылған жұмысшы топ бірнеше ауылдық округтің аумағынан өтетін Келес өзені маңайында рейдтік іс-шараларын өткізді.
-Заңсыз өндіру жұмыстары өзендердің су қорғау аймақтарында және ауыл шаруашылығы жерлерінде жүргізіліп жатқандықтан, құқық бұзушылардың мұндай іс-әрекеттері тек мемлекеттің материалдық мүддесіне ғана емес, жергілікті аймақтың экологиялық қауіпсіздігіне де теріс әсерін тигізуде,-дейді Сарыағаш ауданы әкімдігінің жауапты мамандары.
Аудан әкімінің орынбасары С.Тасқұлов бастаған жұмысшы топ құрамында аудандық полиция бөлімі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, аудандық маслихаттың депутаттары, жергілікті БАҚ өкілдері және тиісті дербес бөлім мамандарымен бірге Құркелес, Жарты төбе, Қызылжар, Дербісек ауылдық округтері және Көктерек кенті аумағынан өтетін Келес өзені маңайында анықтау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бір техника (артушы эксковатор) ешқандай құжаттарсыз жүргендігі және төрт артушы техникалар (дроглайн) Келес өзені бойында иесіз тұрғандығы анықталды. Аудандық полиция бөлімі тарапынан заң талаптары аясында тиісті шаралар қабылдау үшін тіркеуге алынды.
Алдағы уақытта бұл іс-шара бекітілген кестеге сәйкес аудан аумағында тұрақты атқарылатын болады.
Сондай-ақ, аудан аумағындағы қала, кент және ауылдық округтерінде тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Тазалық жұмыстарына аудандағы барлық мекеме қызметкерлерімен қатар тұрғындар да бір кісідей атсалысып, қураған талдар кесіліп, арық-атыздар мен аудан көшелері қоқыстардан тазартылды.
-Аудан – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет. Өйткені, ортақ үйіміздің көркеюі өз ауламызды таза ұстаудан басталатыны белгілі,-дейді аталған аудан әкімдігінің қызметкерлері.
Алдағы уақытта тазалық жұмыстары тұрақты түрде жалғасын таппақ. Аудан көлемінде тазалықпен бірге коронавирус індетіне қарсы шаралар да қолға алынуда. Сарыағаш ауданы әкімдігі құзырлы орган қызметкерлерімен бірлескен жұмысшы топ, Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 06 маусымдағы №23 қаулысына сәйкес, коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында аудан орталығында орналасқан шаруашылық жүргізуші субъектілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шара барысында нысан иелері мен жалға алушыларға карантин талаптары түсіндірілді. Атап айтқанда жұмыс кестесі мен режимін белгілеу, сондай-ақ санитарлық және дезинфекциялық шаралардың қатаң сақталу қажеттігі ескертілді.
Жұмысшы топтармен мұндай түсіндіру жұмыстары аудан аумағында тұрақты түрде жүргізілуде.