2022 жылға дейін жалғасады - Біртанов
2022 жылға дейін әлеуметтік қашықтық сақтау қажет болуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып берді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі желідегі парақшасында корнавирустың бірнеше жыл бойы әлемді дүрліктіретінін жазды. Соған орай әлі біраз уақыт бойы карантин режимін сақтап, осылай өмір сүруге үйренуіміз керек, әркім жеке басының тазалығына мән берсе дейді ол.
"Қымбатты достар! Мен сіздерге министр ретінде ғана емес, ең алдымен жеке адам ретінде, коронавирустық індетке байланысты қазіргі жағдай туралы алаңдаушылық білдіріп отырғанымды айтқым келеді. Әрқайсымызға жеке жауапкершілікті сезінетін кез келді. Әркім карантин ережелерін жақсы білетін уақыт келді", - деп жазады министр.
Министр вакцина табылса да, инммунитет қалыптасса да бұл індет жыл сайын қайталануы әбден мүмкін деп болжам жасап отыр. Оның сөзінше қазіргі таңда вирустың дамуының бірнеше нұсқасы қарастырылуда.
"SARS-CoV-2 қайталануы күзгі-қысқы кезеңде болжанады және толқындардың алдын алу үшін 2022 жылға дейін қалыпты әлеуметтік қашықтық қажет болуы мүмкін - осы уақытқа дейін ұжымдық иммунитетті дамыту керек немесе вакцина табылып, қолданылуы керек. SARS-CoV-2 шығаратын иммунитеттің дәрежесі мен ұзақтығы нақты белгісіз, сондықтан бірнеше сценарий есептелген. Басылымның мәліметінше, қысқа мерзімді иммунитетті қалыптастыруға болады (40 апта), содан кейін жыл сайынғы тұтанулар болады. Егер ұзақ мерзімді иммунитет дамыған болса (104 апта), екі жылда бір рет орын алады. Өмір бойы иммунитетті дамытсаңыз да - вирусты жою мүмкін емес, 2024 жылы індет қайталауы мүмкін", - дейді Біртанов.