Біртанов коронавирустың екінші толқыны туралы хабарлады
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ОКҚ-да өткен брифингте биылғы күзде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсу мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі
Елжан Біртанов елдегі бірінші толқын сәуірдің екінші жартысында байқалғанын айтты. Вирус жұқтыру деңгейі азайған соң мамыр айының ортасынан бастап қайта өсім байқалды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Covid-19-дың "екінші" толқыны келе жатыр. Министр бүкіл әлемде елеулі толқынның болуы мүмкін екеніне назар аударды. Бұл әдетте қазан айында басталатын тұмау мен ЖРВИ-дің маусымдық эпидемиясына байланысты болады.
Алайда Біртанов коронавирустың таралуы артқан кезде қатаң шаралар күшейтілуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Денсаулық сақтау министрі оның ведомствосы тиісті дайындық жүргізіп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, іс жүзінде инфрақұрылым күшейіп, ауруханалар салынуда, маскалар мен бір реттік қорғау костюмдері, тестілер өндірісінің көлемі ондаған есеге артқан.
"Біз дайындалып жатырмыз", - деді ол. Санитарлық және инфекцияға қарсы қызметтер күшейтіліп, нығайтылуда. Біртанов вирус бәсеңдегенше немесе халықты жаппай иммундау жүргізілмейінше Cоvid-19-дың бірнеше толқыны болуы мүмкін екенін атап өтті.