Тоқаев қорғаныс министріне әскерилердің білім деңгейін көтеруді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Бұл туралы Ақорда сайтында жарияланды.
Қазақстан президенті – қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысына Қазақстан армиясының штаттық құрылымын оңтайландыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар, қару-жарақтарды, әскери техника мен оқ-дәрілерді инвентаризациялау және тексеру, коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес, сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндалды.
Қорғаныс министрі мемлекет басшысына қазіргі уақыттағы сын-қатерлерді ескере отырып, қарулы күштердің жаңа келбетін қалыптастыру, түрлі табиғи және техногендік төтенше жағдайларды жою кезінде әскери қызметшілерді жұмылдыру мүмкіндігі мен қажеттігі жайында мәлімет берді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Ермекбаевтың әскери бөлімшелердің дайындығы, мемлекеттік қорғаныс саласындағы тапсырыс мәселелері, бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, әскери техникамен жабдықтау, қорғаныс министрлігін автоматтандыру және цифрландыру жөніндегі есебін тыңдады.
Жоғарғы бас қолбасшы еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуді, қарулы күштердің жабдықталуын жақсартуды, шығындарды оңтайландыруды, әскери қызметшілердің білім деңгейін көтеріп, біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырды.