Кешір бізді, Бейсеке!

Oinet.kz 18-05-2020 9102

Кешір бізді, Бейсеке! 

c7f520b5-f7d3-4958-b6d7-bd01e066e7e7.jpg

... Өмір- теңіз, ал уақыт-қайығың,

Жаралғанбыз біздер ескек есуге.

Аз-көп ғұмыр кешу емес айыбың,

Сол ғұмырды қалай,қайтіп кешуде?..

Көптен бері өлең жазбаймын ғой, Бейсекеңнің, біртуар Бейсен дос-курстастың қазасын хабарлағанда осылай деп кезінде қалам тербегенім бірден ойыма оралды. Расында да ол аз ғұмырда көпке үлгі болар өнегесімен өшпес қолтаңбасын қалдырып кетті.

Қайбір жолғы курстастардың басқосуында ол сөз сұрап ортаға шықты да:

-Аса қадірменді достарым! Мен соңғы жылдары өте қауырт шаруалармен шұғылданып жүріп Сіздермен тығыз араласа алмадым. Біреулеріңіздің шақырған тойыңызға бара алмадым,біреулеріңіздің ең жақын адамдарыңыздан айырылғанда қайғыларыңызға ортақтаса алмадым. Тіпті кейбіреулеріңізге телефон шалғанда жауап бере алмай қайыра хабарласуға уақыт таппай өкпелеткенімді, өзім туралы әр алуан ойлар туындауға түрткі болғанымды жақсы түсінемін. Сол бітпейтін қарбалас шаруалардың нәтижесінде алған марапаттар да, сый-құрметтер де бәрі-бәрі Сіздердей, Сіздер сияқты басқа да сыйлас адамдарды өкпелетіп алғанның қасында түкке де тұрмайтынын жан дүниеммен сезініп жүрмін. Қателескенімді ұқтым. Кешіріңіздер мені, Сіздерден шынайы ниетпен кешірім сұраймын. Бұдан былай әрбір курстастың, басқа сыйластарымның қызығы мен қиындығының қасынан табылуға, телефонға жауап беруге, Сіздермен кездесуге уақыт бөлуге ұмтыламын,--деп ағынан жарылып сөйлеген еді-ау! Ар алдындағы арылуың екен ғой, Азаматым-ай! Осылай боларын да сезімтал жүрегің сезді ме екен кім білсін?!

447dfca1-f61e-441d-aa0b-6060ae1478d9.jpg

Өкінішке қарай денсаулығың сыр беруінің соңы осындай орны толмас өкінішке апарып соғып бұл арман-тілегіңнің жүзеге асуын да бұйыртпады қу ажал?! Амал не, Алланың үкіміне қолдан келер шара бар ма?

Бейсеке дос! Сен де Бізді кешірші! Сендей асыл азаматты Біз де аман сақтай алмадық,амалын таппадық, барымызды сала алмадық. Өзіңдей адамның "етін сылып алып сүйегін лақтырып тастаған"қатыгез қоғамды да кешірші. Әйтпесе тек денінің саулығында бойындағы бар ақыл-ойын, күш-қуатын, қарым-қабілетін сарқып сығып алып денсаулығынан айырылғанда сырттан сығалап қана қарап қойып жүре беру әділдік пе? Мұндай өкпе-ренішті тек өткен шақта жазып үйренуге әдеттенген Бізді де кешірші Бейсеке!

Бақұл бол досымыз, курстасымыз, дәлірегі қазақ журналистикасының жарық жұлдызы екенін даусыз дәлелдеген дарабозымыз, тұтас халықтың мақтанышына айналған алыбымыз!

29550cea-b1aa-4d11-8ced-c462a0ca59e9.jpg

Біршама уақыт бұрын телефон арқылы тілдестік. "Ғалекем, біршама дұрысталып қалдым, Алла жазса орталарыңа ойнап күліп қосылармын. Курстастарға тегіс сәлем айт" деп едің ет-жүрегімді елжіретіп. Енді міне, қаралы хабарды естіп жүрекке найзағай түскендей күй кешіп есеңгіреп қалдық. Сен туралы әлі талай айтармыз, жазармыз. Дәл қазір көзде жас, көңілде мұң, қол дір дір етіп ой шашырап өз билігім өзімнің икеміме келер емес.

Бейсеке екеуміз кездескен сайын сенің үйіңдегі, біздің үйдегі Іңкәрлар туралы сұрап қоятын едік,(қыздарымыздың есімі Іңкәр) бала тәрбиесіне байланысты ұстанымдарымызды айтып аз-кем тәжірибе алмасып сыр бөлісетінбіз. Сенің жасамаған жасың Іңкәріңе, Жауһарыңа бұйырып ұзақ та бақытты ғұмыр кешсін! Оларды "қанаттыға қақтырмайтын тұмсықтыға шоқтырмайтын" аяулы жарыңа Алла үлкен күш-қуат берсін! Тұтас әулетіңе, жалпы қазақ жұртына Сендей дарабоздан айырылғанына өте қатты өкініп, көңіл айтамыз, қайғыларына ортақпыз.

(Материал Ғалымжан Елшібайдың  фейсбуктегі парақшасынан алынды)

Биыл көпбалалы аналарға 73,5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы берілді
Балғынбек Имашев коронавирусқа арнап өлең шығарды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу