Түркістан: Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері талқыланды
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында облысқа қарасты білім беру ұйымдарының басшыларымен онлайн-конференция өтті.
Білім беру саласындағы өзекті мәселелер қаралған келелі жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев және бейнебайланыс режимі арқылы аудан/қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорлары қатысты.
Білім беру саласы - өскелең жас ұрпақтың болмысы мен бітімін, танымы мен түйсігін қалыптастыруда айрықша маңызға ие мемлекет саясатының бірден-бір басты саласының бірі болғандықтан, бүгінгі күні жас өскіндерді білім беру ошақтарында әділдік пен парасаттылық құндылықтарымен сабақтастыра отырып тәрбиелеу – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.
Осыған орай, Агенттіктің тікелей бастамасымен Түркістан өңірінің білім беру ордаларында қоғам індетіне қарсы бірқатар жарқын жобалар, соның ішінде 300 мыңнан аса жас буынды қамтитын «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтары жұмыс жасап, күні бүгінге дейін жастар арасында жемқорлықсыз болашақты қалыптастыруға бағытталған түрлі пікірсайыс алаңдары мен шығармашылық байқауларын тұрақты түрде өткізіп келеді.
Десе де, алдын алу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығына қарамастан, Түркістан облысының білім беру саласында, соның ішінде кадр мәселесін шешуде, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсау мен мемлекеттік сатып алу барысында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары белең алуда.
Бұл туралы онлайн жиында М.Қарғабай ағымдағы жылдың алғашқы 3 айында білім беру саласында тіркелген 16 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша 1 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеп, Түркістан өңірінің білім беру мекемелерінде жиі кездесетін сыбайлас жемқорлық деректерінің туындау себептеріне айрықша тоқталып өтті.
Мирас Асқарбайұлы мектептерде заңсыз ақша жинау деректері негізінен, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау және Төтенше жағдайлар мен Білім саласындағы бақылау департаменттерімен жүргізілетін жыл сайынғы тексерулер кезінде мектеп директорларына салынған айыппұлдар негізінде туындайтынын және айыппұл соммасының едәуір көп мөлшерде болуына байланысты мұғалімдер мен ата-аналардан жиналатыны Департаментпен жүргізілген зерделеу барысында анықталғанын атап өтті.
Соған сәйкес, конференция барысында аудандық/қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына заңсыз ақша жинау деректерін болдырмау бойынша ақпараттық ағарту жұмыстары жүргізіліп, облысқа қарасты білім беру мекемелері Түркістан облыстық Департаментінің тікелей бақылауында екендігі ескертілді.
Айта кетсек, алдағы уақытта да білім беру саласында жиі ұшырасатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына жол бермеу бойынша жүйелі жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Жиын соңында облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев аудан/қалалық білім бөлімдерінің басшыларына күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хаттамалық тапсырмаларды, соның ішінде конкурстық комиссия мүшелерін мемлекеттік қызметшілерден емес, қоғамдық ұйым өкілдерінен, білім саласының ардагерлерінен құруды және білім беру ұйымдарына мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттар туралы ақпарат балабақшалар мен мектептердің, білім беру бөлімдерінің кіре-беріс жерлерінде ашық түрде орналастырылуын, сондай-ақ техникалық қызметкерлерді тағайындауды білім ұйымдарының құзырынан алып, аутсорингке беру жұмыстарының заң талаптарына сәйкес қарастырылуы бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.