Павлодарда такси жүргізушісі бойжеткенді соққының астына алған (видео)
Павлодар қаласында белгісіз азамат бойжеткенді лифтінің алдында соққыға жыққан. Аталған сәт тұрғын үйдің бақылау камерасына түсіп қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Оқиға 14 сәуір күні Ткачев көшесінде орналасқан тұрғын үйдің подъезінде орын алған. Видео кадрынан қыз баланың тұрғын үйге кіріп, лифтіге қарай жүгіргенін байқауға болады. Оның артынан қолында суық қаруы бар ер адам келген. Бойжеткен лифтіні шақырып тұрғанда, такси жүргізушісі подъезге баса-көктеп кіріп, оны соққының астына алған. Одан кейін күдіктінің оқиға орнынан табанын жалтыратқаны көрінеді. Куәгерлер "таяқ жеген" жәбірленушінің жағдайын біліп, тез арада полиция қызметкерлеріне қоңырау шалғандарын жеткізді. Осы оқиғаға байланысты қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, 1993 жылы туған такси жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 389-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде. Такси жүргізушісінің қаладан шықпау туралы қолхатпен босатылғаны белгілі болды.