Коронавирус жұқтырған әйгілі ресейлік спортшы ауру белгілері жайлы айтып берді
Кайтсерфингтен 2009 жылғы әлем чемпионы Петр Тюшкевич коронавирус жұқтырып алды. Ол ауру белгілері жайлы баяндап, ресейліктерді адамға лық толы жерлерден алыс жүруге шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Известия" басылымына сілтеме жасап.
"Коронавирус жұқтырып алдым. Инфекциялық ауруханада жатырмын. Сіздер енді Ресейде дерті ресми түрде тіркелген тағы бір бақытты адамды білесіздер",- деді ол желідегі парақшасында.
Тюшкевичтің сөзінше, ол Франциядан келген соң тиісті сараптамалар тапсырып, оң нәтиже алған.
Бір күннен кейін спортшыда ауру белгілері байқала бастапты. Оның тамағы ауырып, құрғақ жөтелу пайда болған. Кеуде бөлігінің жоғары тұсында қысым байқалып, дене қызуы көтерілген.
"Дүрбелең жоқ, бірақ адамдар көп жерлерге бармауға тырсыңыздар, үйде жатыңыздар",- деді ол.15 наурыз күні Ресейде коронавирус жұқтырудың тағы төрт дерегі тіркелді. Олардың үшеуі - Подмосковьеде, біреуі - Түмен облысында анықталған.
Осылайша, көршілес мемлекетте коронавирус жұқтырғандар саны 63 адамға жетті.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде тоғыз коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді. Жеті науқасы Алматыда, тағы екеуі елордада. Вирус жұқтырғандардың бірі 12 жастағы жасөспірім.