Шымкентте кемшіліктерге жол берген Құрманбекова Түркістанда кеңесші болды
Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлжан Құрманбекованың Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке кеңесші болғаны туралы жаңалық тарады.
Гүлжан Құрманбекованың ұзақ жылдары Шымкент қаласы әкімінің бюджет жөніндегі орынбасары қызметін атқарғаны белгілі. Былтыр шілдеде қалаға Ерлан Айтаханов әкім болып келген соң Г.Құрманбекова қызметінен кетті. Содан бергі аралықта оның немен айналысқаны белгісіз.
Қалаға келген жаңа басшылық бұрынғы әкім мен оның командасының көптеген кемшіліктерін әшкерелеп берді. Әкім орынбасары Ербол Садыр баспасөз мәслихатында өз алдына отау тіккен Шымкенттің бюджетін жоспарлауда елеулі кемшіліктердің жіберілгенін, соның салдарынан қалада жаңадан құрылған басқармалардың қаржыландырылмай қалғанын мәлім еткен еді. Былтыр жыл соңында Есеп комитеті де Шымкентте бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалануда жүйелі кемшіліктердің орын алғанын жариялады. Мегаполисте мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 985 миллион теңгеге қаржылық бұзушылық анықталған, тиімсіз жоспарлау 10 028,6 миллион теңгені құраған. 13 054,7 миллион теңге қаражат тиімсіз пайдаланылған. Рәсімдік бұзушылықтың 539 фактісі анықталған.
Ал Шымкенте осыншама заңбұзушылықтар орын алып жатқан кезде қала әкімінің бюджет жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Гүлжан Құрманбекова енді міне, Өмірзақ Шөкеевке кеңесші болып тағайындалды.
Түркістанда кеңесшіліктің креслосының өте құтты екендігін, ол шенеуніктің ұзамай өсім кететінін де айта кеткен жөн шығар.
Oinet.kz