Шымкентте былтыр 43 пара алу дерегі тіркелген
Өткен жылдың он екі айында Шымкент қаласы бойынша криминогендік ахуал қылмыстық құқық бұзушылықтардың 16,1%-ға төмендесе, орын алған қылмыстардың ашылуы 73,3%-ды құрады.
Бұл туралы қала прокурорының бірінші орынбасары Манас Сабаншиев бүгін өткізгун брифингте мәлім етті.
Шымкент қалалық прокуратурасының берген мәліметіне сүйенсек өткен жылдың он екі айында 231 тексеру мен талдау нәтижесінде 36 854 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалған. Сондай-ақ, жалпы сомасы 6,5 млрд. теңгеге салық төлеуден жалтару мақсатында 31 «бір күндік фирмалар» арқылы жалған шот-фактураларды жүзеге асырумен айналысқан қылмыстық топ құрықталған. Нәтижесінде прокуратура бастамасы негізінде басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша мемлекетке 88 млн. теңге шығынды өндіру қамтамасыз етілді. 231 тексеру және талдау нәтижесінде мемлекетке 585 миллион. теңге өндірілген.
Былтыр мегаполисте 43 пара алу дерегі тіркелген. 15 іс сотқа жолданып, оның алтауы процестік келісіммен аяқталған. 2018 жылы аталған саладағы қылмыстардың саны 53 болған екен.