Ауыз судың дауы шалғай ауылдар түгілі Шымкентте де шешілмей жатыр

Oinet.kz 03-10-2013 1047

Ауыз су мәселесі шалғайдағы ауылдарды былай қойғанда келешек мегополис атанатын Шымкенттің өзінде шешілмеген. Әсіресе, қаланың шеткі шағынаудандарындағы жағдай мәз болмай тұр. Ауыз су тартуға қаржы бөлінген, бірақ оның орындалуы сиырқұйымшықтанып кеткен. Бұған өз ісіне салғырт қараған шенеуніктер кінәлі. Жуырда «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалуына тексеру жүргізген Шымкент қаласындағы Абай аудандық прокуратурасы осындай ақпарат таратты. 

f61af2bcbd8ca1469b62de62986a8fa5.jpg

Елбасының тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасының негізінде 2002 жылы Үкімет қаулысымен «2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасы» бекітіліп, қазынадан миллиардтаған теңге қаржы жұмсалды. Алайда, нақты нәтиже күткендегідей болмады. Үкімет енді «Ауыз судың» жалғасы ретінде 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын жасады. Егер жергілікті атқамінерлер бөлінген қаржыға жауапкершілікпен қарамаса, бұл бағдарламаның да құрдымға кетер түрі бар. Нақты мысал келтірейік. 

«Шымкент қаласының құрылыс бөлімі»  мемлекеттік мекемесі мен «Энергостройсервис-2010» ЖШС арасында 2010 жылдың 11 наурызында болған келісім-шарт негізінде Шымкент қаласындағы Достық-2 ауылының тарату жүйелерін тармақтана қосу және су өткізгішінің құрылысын салу мақсатында мемлекет қазынасынан 84 миллион 100 мың теңге бөлінген. Бұл құрылыс сол жылдың 31-тамызына дейін аяқталатын болып келісілген және аяқталған да. Алайда, сол кезден бері бақандай үш жылдан астам уақыт өтсе де құрылыс нысаны мемлекеттік қабылдаудан өтпепті. Мәссаған! Достықтың тұрғындары сабыла ауыз су күтіп отыр, ал миллиондаған қаржыға жүргізілген құрылысты тиісті мекемелер қабылдауға асығар емес. 

Нысан неліктен қабылданбай отыр? Прокурорлардың анықтағанындай, жаңа нысанды сумен қамтамасыз ететін тиісті су көзі жоқ болып шықты. Сонда қалай, нысан құрылысын жобалаушылар ең басты мәселеге назар аудармағаны ма? Су көзі жоқ жерде осынша қаражатқа құрылыс жүргізуді жобалау ақылға сыйымсыз дүние емес пе?! Бұл кемшілікке жол берген тиісті лауазым иелерінің тәртібі неге қаралмаған?  Бүгінде жаңа нысанның су құбырларына арналған құдықшалардың шойын қақпақтары қойылмаған күйі жатыр. Соның салдарынан құдықшалардың іші қоқысқа толуда. Ал, мердігер мекеме су желілерінің құрылғыларын қарауылдау мақсатында қарауыл жалдап, өз есебінен қосымша шығындар шығаруға мәжбүр.   

Қазығұрт елді мекенінде жүргізілген құрылысқа жергілікті бюджеттен 146 992 500 теңге қаралған. Мердігер – «Шаңырақ ХХІ» ЖШС-дан 2011 жылдың 5-сәуірінде Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне қабылданған нысанның құбыры да әлі күнге құрғақ күйі жатыр.  Мұның да себебі жоғарыдағыдай. Ал, Ақтас-1 елді мекенін таза сумен қамтамасыз етеді деген жоба орта жолдан тоқтап, 2011 жылдың наурыз айында басталған құрылыс нысаны әлі күнге аяқталмаған. Тапсырыс беруші Шымкент қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен мердігер «НАШКО» ЖШС арасында түзілген, жалпы құны 90 100 мың теңге деп белгіленген келісім-шарт бойынша құрылыс нысаны 2011 жылдың тамыз айында тәмамдалуы тиіс болатын. Алайда, жұмыс қазан айына дейін созылып, кейін келесі жылдың еншісіне қалдырылып, негізсіз шешім қабылданған. Жоба бойынша жоғарыда аталған сомаға ұзындығы 25,748 шақырым су құбыры су өлшегіш құралдарымен қоса үйді-үйге тартылуы тиіс болған. Іс жүзінде тартылған құбырдың ұзындығы 19 шақырым болып шықты. Ол аздай, бүгінде жер астымен өткізілген магистралды су құбырлары ұрлану үстінде. Ал, ұрылардың уысына түспеген құбырлардың сапасы күннен-күнге төмендеп, мемлекет қаржысына жүргізілген жұмыстар құрдымға кетіп жатыр. Мұны қаржының құмға сіңгені демегенде не дейміз?  Абай ауданының прокуроры А.Мұстафаев анықталған осы заңбұзушылықтарды жою үшін Шымкент қаласының әкімі мен қалалық мәслихатқа ұсыныс енгізді. 

Ауыз суға қатысты осынау былық-шылықтар  2010-2011 жылдар аралығында орын алған нақты фактілер. Бұл жылдары Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған Арман Жетпісбаев «әкім кетті, іс біттінің» керін келтірген сияқты. Жетпісбаевтың қала әкімі болған жылдардағы «көп жетістігінің»  жыры алдағы кезде де әлі талай тақырыпқа тамызық болатын шығар. Шымкент қаласының қазіргі әкімі Дархан Сатыбалды мырза кезінде өрескел заңбұзушылыққа жол берген тиісті лауазым иелерінің жауапкершілігіне қатаң қарай ала ма? Ал, билік пен бірлікті таразыға салып, өзара түсінісе алмай жүрген Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары жеке шаруаларын жиыстырып қойып, сайлаушыларының жанайқайына құлақ түретін кез келген секілді.  

ОҚМУ-да Асма Қалыбекова атындағы аудитория ашылды
«Үйде жалғыз қалғанда» фильмі туралы қызықты фактілер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу