Түлкібаста бір отбасындағы жетім балаларға баспана берілді
Бүгін Түлкібас ауданында Мәуліт мерекесі аталып өтілді. Аудан тұрғындарын бір ортаға жинаған мәдениет сарайында бүкіл адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз еске алынып, мәуліт оқылып, сансыз салауат айтылды. Аталмыш жиын елімізге белгілі «Өнер қырандары» театры әртістерінің тікелей қатысуымен өтті. Сауапты іске ұмтылған белгілі театр өздерінің үздік қойылымдарын қойып, халық оларға шексіз ризашылығын білдірді. Жиын соңында «Харекет» Қайырымдылық қоры Түлкібас ауданына қарасты Ақбиік ауылында туыстарының үйінде тұратын, ата-ана қамқорлығынан айырылған Арынтаевтар отбасындағы 5 балаға 161-ші үй табысталды.
- Мәуліт мерекесін атап өтеміз деген ниетпен келіп отырмыз. Керемет бір рухани кеш өтті. Мәуліт кешін өткізудегі басты мақсат Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға деген махаббат тартуы. Адам бойында қандай жақсы қасиет болса, оның барлығын адамзаттың асылы пайғамбар (с.ғ.с) бізге үйреткен. Соның бірі, Мәуліт кешінің соңында өздеріңіз көргендей бүлдіршіндерімізге баспананың кілтін табыстадық. Елімізде соңғы екі жылдың ішінде «Харекет» қайырымдылық қоры жұмыс істеп жатыр. Алланың қалауымен, халықтың жәрдемімен, әр қазақ менің жалғызым деп 1000 теңгеге баспана алып бердік.
Әр қазақ қаржы салып, соның нәтижесінде бір отбасы баспаналы болып отыр. Қазақтың ежелгі дәстүрі жылу жинау, асар дейміз бір бірімізге осындай мейірімділік таныту, бойымыздағы құнды қасиеттерді жоғалтпау», - дейді «Өнер қырандары» театрының директоры Мадияр Серікбаев.
Нұр Жігерлі