«Менің туым – менің Отаным!» атты патриоттық акция өтті
Фото авторы Береке Сейітжаппар
Мемлекеттік рәміздер - елдің тәуелсіздігін айшықтайтын белгі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деп айтқан болатын. Мемлекеттік рәміздер - ең жоғары құрметке лайық. Оны қалай құрметтесек те жарасады.
Бүгін 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай мемлекеттік рәміздерді насихаттайтын патриоттық іс-шара Шымкентте Әл-Фараби алаңында өтті. Іс-шараға жастар көп жиналды. Олар алаңда желбірете ту көтеріп, рухты асқақтатты деп хабарлайды Rgmedia.kz сайты.
Салтанатты жиында қала әкімі Ерлан Айтаханов рәміздердің маңызына тоқталып өтті:
- Елбасымыз атап өткендей, ерекше құнды белгілер ел тәуелсіздігін күллі әлемге танытты. Халқымыздың рухын, бастан кешкен тарихын, бүтіндей мәдениетін көрсетті. Ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, арман-тілегін жеткізді. Сондықтан әр азамат көк байрақ туымызды, әнұранымызды, елтаңбамызды қастерлеп, ардақ тұтуы тиіс, - деді қала әкімі.
Ерлан Қуанышұлы салтанатты жиында қаланың қоғамдық-әлеуметтік өміріне белсене атсалысып жүрген жастарға "Nur Otan" партиясының мүшелік билетін табыс етті. Жиын барысында бір топ өнерпаздар ән айтып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.