Жұмахан Мырхалықов, ОҚМУ ректоры: «Студенттер ескі көзқарастан арылғаны абзал»
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бесінші басымдық ретінде институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күресті белгіледі. Себебі, қарақан басының қамы үшін біреуден пара алып, қазынадан бөлінген қыруар қаржыны құмға сіңген судай жоқ қылып жіберетін сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының тамырына балта шабады. Жемқорлық жайлаған мемлекет ертелі-кеш діңгегін құрт жеп, морт сынған емен ағашының күйін кешеді. Сонымен, бұны болдырмау, алдын алу үшін не істеген абзал?Әрбір кездесу, жиын сайын жастар мәселесін назардан тыс қалдырмаған Елбасы «ұлт болашағы – білімді ұрпақ қолында» екенін айтып, жас буынға сенім артты. Ел ішінде білімді жастар көбейгенде ғана жемқорлық сынды тамырлы мәселелер бірте-бірте жойылып, әлеуетті отыз елдің қатарына қосылуға болады. Осыған байланысты Елбасы Жолдауының сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған бесінші басымдығы білім беру мекемелерінде белсенді түрде насихатталып, нақты іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Өткен аптада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бірлесе отырып «Адал бол» акциясын өткізді. Акцияға 10-нан астам жоғары оқу орнының басшылары, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ә.Көмекбаев ОҚМУ ректоры Жұмахан Мырхалықовқа маңызы зор қоғамдық іс-шараларды өткізуге әрқашан қол ұшын созуға дайын тұратыны үшін шексіз алғысын білдіре отырып, Елбасы Жолдауына кеңірек тоқталды:
- Жемқорлық – жегі құрт. Онымен күресті бір сәт те тоқтатпау керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет» деді. Бұл өте маңызды. Салдарымен күресе бергенше, оның алдын алған жөн. Сонда ғана жемқорлық тиылмақ.
Жемқорлық қайдан шығады? Елбасы Жолдауда осыны анықтауды тапсырды. Осы мақсатта біздің облыста memkyzmet.kz сайты ашылды. Мұндай сайт республика көлемінде әлі ашыла қоймады. Өтініштеріңіз, ой-пікірлеріңіз, арыз-шағымдарыңыз болса, бізге аталған сайт арқылы жібере аласыз. Және біз әлеуметтік желіде парақшалар ашып, жастармен тығыз жұмыс істей бастадық. Жастар - қоғамдағы қозғаушы күш. Жастар бір мақсатқа жұдырықтай жұмыла білсе, алынбайтын қамал жоқ.
Сондай-ақ, Әли Амантайұлы осыған орай өтіп жатқан акцияның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екендігін айтты. Академиялық адалдық қағидаты студенттерді білім алу үрдісіндегі тәртіпке қана үйретіп қоймай, білімге деген жеке адалдық пен жауапкершіліктерін арттыратындығын атап өтті. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, заңсыз іс-әрекеттерден бойын аулақ ұстайтын адал ұрпақ - ұлтжанды болады. Еліне, тілі, ділі мен дініне жаны ашиды. Қандай да бір қылмысқа жол бермейді. Егер адал және жауапкершілігі зор жастар легі қалыптасса, онда ел болашағы жарқын болмақ. Дегенмен, тек адал болу жеткілікті ме? Биік белестерді бағындыру үшін жастар адалдық пен жауапкершіліктен басқа бойына тағы қандай қасиеттерді сіңіруі керек?
Осы тұста университеттің іскер басшысы, ғылым докторы Жұмахан Мырхалықов тың бастама көтерді. Оның айтуынша, дәл бұлай тар ауқымда шектеліп қалуға болмайды. Жастар тек адал ғана емес, әрі белсенді болу қажет. Белсенді болу деген – ілгері ұмтылу, алға қойған мақсатына қалай да болса жету. Ешқандай кедергілерге қарамастан заман ағымынан қалып кетпеу, керек болса, озу. Ол үшін университет қабырғасындағы әрбір студент өзін еркін сезінуі тиіс. Сонда ғана ол қайнап жатқан өмірге қадам басқанда қинала қоймайды. Көпшілік ортада өз пікірін қысылып-қымтырылмай жеткізе алады. Мұндай жастар өзгеге жалтақтамай, кез-келген істе тыңнан түрен сала алады. Бұл үшін не істеу керек? - Бізде студенттер сессия кезінде әбден қиналады. Дәл осы кезде оның жеке бас құқығы тапталып жатады. Мысалы, сессия таңғы 8-де басталды делік. Студент белгілі бір жағдайлармен 5-10 минуттай кешігіп барады. Дегенмен, бойындағы эгосынан асып кете алмайтын кезекшілер студентті сессияға кіргізбейді. Осылайша, оның жүні жығылып, жігері жасиды. Тіпті, өмірден түңіліп кетеді десе болады. Студенттерді дәл осылай қысып тастаған қаншалықты дұрыс?
Шетелде «Ашық сессия» деген ұғым бар. Мұнда сіз 20 күн ішінде 5-6 пәннен емтихан тапсырасыз. Студент қай уақытта, қай аудиторияда, қай пәннен емтихан тапсырғысы келеді, оны өзі біледі. Қаласа, 20 күнде емес, 10 күнде тапсырып үйіне қайтып кете алады. Бір топта 10 студент болса, олар әр түрлі уақытта білімдерін сарапқа салады. Студент профессорын шақырып алып, бейнебақылау камералары қойылған аудиторияда бағын сынап көруге құқылы. Одан топ старостасы, кураторы, деканы бейхабар болады. Міне, осы арқылы студент өзінің жеке бас құқығын һәм әлдекімге тәуелсіз екенін сезінеді. Ой-өрісі, сана-сезімі өзгереді. Ең бастысы, тобырлық психологиядан құтылады. Бұрын топтағы 10-15 студент үшін старостасы немесе кураторы шешім қабылдаса, енді әрбір студент өзі үшін шешім қабылдайды. Жалпыдан жалқыға өтеді. Тамыр-танысына сенген немесе әлдекімнен көшіріп үйренген студент алғашқы сессияда құлайды. Сәтсіздікке ұшырағасын, студент емтихан кезінде тек өзіне сену керектігін түсінеді. Келесі семестрден бастап өзі үшін оқитын болады. Дана Абай айтпақшы, екі жақтан алып шығар еңбегі мен ақылына арқа сүйейді. Ешкімге жалтақтамай өзі дайындалады. Телефон, «шпаргалкадан» қайыр жоқ. Себебі, тәртіп бұзған студент бірден аудиториядан шығарылады.
«Білім – инемен құдық қазғандай» демекші, білімге немқұрайлы қарауға болмайды. Сондықтан да, бұл жүйенің пайдасы ұшан-теңіз. Біздің университет енді осы жүйе бойынша жұмыс істейтін болады, - деп Жұмахан Үшкемпірұлы ескі көзқарастан арылу керектігін айтты. Күнделікті өзгеріп жатқан заманда бір орында тоқырап тұруға болмайды. Әсіресе, ұрпақты тәрбиелеуде. Себебі, студент ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Барған жерінде сол дәнді себеді. Бұл үрдіс үздіксіз жалғаса береді. Осыны сараптай отырып, университет басшысы білім беру мекемелерінде демократиялық орта құру керектігін, оның маңызы зор екенін қарапайым мысалдар арқылы түсінікті жеткізе білді. Оның сөзіне дән разы болған студенттер қауымы ду қол шапалақтады.
ОҚМУ бірінші проректоры, т.ғ.д., профессор Ж.Айменов «Адалдық – рухани жаңғырудың басты қағидасы» тақырыбында баяндама жасап, жастарды патриоттық тәрбиелеудің аса маңыздылығына назар аударды.Ал, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева «Адал болу – Адал ұрпақтан басталады» дей келе, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары жөнінде айта кетті. «Адал ұрпақ» клубы – жастарды бір ту астына біріктіреді. Аты айтып тұрғандай, адал да белсенді жастар жемқорлыққа қарсы бағыттағы шығармашылық жұмыстарды дайындап, оны өзгелерге көрсетеді. Жемқорлықтан туындайтын мәселелерді саралап, зиянын дәлелдейді. Айналасына адалдықты дәріптейді, насихаттайды. Олар соңынан ерген іні-қарындастарына өнеге көрсетеді. Кейін олар да келесі толқынды тура жолға салу үшін тер төгеді. Мұның пайдасы зор екенін айтпаса да түсінікті. Сондықтан да осы бір игі дәстүрді үзіп алмаған маңызды
Акция барысында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының Шымкент қалалық ассоциациясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру эстафетасын облыстың жоғары оқу орындарына (ЖОО) тапсырды. Ал, өз кезегінде ЖОО студенттері мектеп оқушыларының өздеріне тапсырған эстафеталарын зор қуанышпен қабылдап алды. Олар акция барысында бір-біріне сұрақ қойысып, өзара пікір алмасты. Осылайша, қос буын арасында сабақтастық орнады.
Әрі қарай, студенттік және академиялық ортадағы жемқорлық жағдайларын барынша азайтуға және жоюға бағытталған жұмыстарын әр жоғары оқу орны арнайы дайындаған «адалдық» бейнероликтері арқылы көрсетті. Сапалары орташа, бірақ айтар ойлары ауыр, мазмұны терең бейнероликтер көрермендерді тебірентпей, толқытпай қоймады. Біз бейнероликтерді көре отырып, сыбайлас жемқорлық түбі опық жегізетінін түсініп, көз жеткіздік. Болашақты бағдарлай алатын, тереңнен ойлай білетін, ең бастысы жақсылыққа құштар жастар қатарының көбейіп келе жатқанына куә болып, қуанып қалдық.
Акция соңында, үшінші курс студенті Н.Жүрсін барлық студенттердің атынан жоғарғы оқу орындары қабырғаларында ашық және сыбайлас жемқорлықсыз, әділдік, теңдік үстемдік ететіндігін жариялады. Осылайша Елбасы Жолдауы Оңтүстік жастары тарапынан қызу қолдауға ие болып, нақты жұмыстар атқарыла бастады.