Таразда ерекше фотопоэзия кеші өтті
Тараз қаласындағы фотосурет пен поэзия өнерінің өзара үндесіп, келушілерге әдемі әсер сыйлаған «Жастар» аллеясының «Білім» алаңында «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» атты ерекше фото көрме өтті, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың фото суреттері көрмеде қойылды. Тараз қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шара Жамбыл облысының 80 жылдығына арналды.
Көрме шымылдығы ашық аспан астындағы классикалық вальспен ашылды. Содан кейін жүргізуші ортаға шығып, картиналардың бетперделерін аша жүріп өлең оқыды. Осы сәтте өңірдегі «Ақкербез» бишілер тобының ұлттық нақышта киінген арулары да барлық картиналардың бетперделерін ашып, оларды көпшілік назарына ұсынды.
Алтынбек Қартабай өзінің тұңғыш шығармашылық көрмесін ақындардың өлеңдерімен керемет үйлестіре білуімен де ерекшеленді деуге болады. Фототілші қазақтың ару қыздары, сонымен қатар алтын күз, ақындар бейнесі, табиғат көріністері сияқты көркем көріністерді де қалт жібермеген. Ал, бұл шығармалар Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосын, Тынышбай Рақым, Күләш Ахметова, Серік Томанов, Маралтай Райымбекұлы сияқты ақындардың өлеңдерімен жақсы жарасым тауып, көрмені тамашалаушыларға керемет күй сыйлады.