Мұхамеджан Тазабек білім ошақтарында дәріс оқи алмайтын болды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру ұйымдарына кез келген адам келіп, діни көзқарасы жайлы дәріс оқи алмайтынын айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
БАҚ өкілдері білім министрінен айтыскер ақын, "Асыл арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек мектеп пен колледждерде дәріс оқи ала ма деп сұрады.
"Мектепте іс-шараны тек мұғалімдер ғана өткізе алады. Аталған жағдайда Мұхамеджан Тазабек дәріс оқыды деу дұрыс емес. Өйткені ешқандай іс-шара өткізілген жоқ. Қазір мен біреу бір нәрсе жоспарлады деп айта алмаймын. Егер мектепте сондай шара ұйымдастырылған болса, мен жауап берер едім. Бірақ, ештеңе өткізілген жоқ, талқылайтын да мәселе жоқ", - деді Аймағамбетов мәжіліс кулуарында.
Министр кез келген адам білім ошақтарына келіп, діни көзқарасы жайлы айта алмайтынын нақтылады.
"Егер діни немесе басқа да мәселелерді меңзеп тұрсаңыз, онда біздің айтарымыз, білім беру ұйымына кез келген адам келіп, діни көзқарасы туралы әңгіме айта алмайды. Қазір ондай жоқ", - деді ол.