Жырласа, жастар жырласын

Oinet.kz 07-10-2019 1013


71402997_918716245180116_7350547248171712512_o.jpg

Топырағын түртсең тарих толғаған, қасиетті де, киелі – Отырар өлкесіне «Жастар жылы» ұранымен жыр керуені аялдап, жыр сүлейлерінің қатысуымен «Ұлылар отаны – Отырар» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Отырар ауданы әкімдігінің хабарлауынша, өзінің көне тартпас тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған, ұлттың рухани алтын қазығы болған, талай-талай ақын-жазушылардың қиялын көкке көтеріп, арманын аялаған жер - Отырардағы айтыс әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай өтті.

Алдымен аудандағы тарихи-мәдени нысандарды аралап, сағым ойнаған сайын даланың өткеніне қанықты. Арыстанбаб кесенесінде Құран бағыштап, зиярат жасаған ақындар Темір ауылындағы Мәдениет үйіне табан тіреді. Мұнда қылқалам шеберлері мен көрермендер Әділхан Мәлік пен оның шәкірттерінің туындылары мен кітап көрмесін тамашалады.

Көпшілік асырға күткен айтысты Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова мен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Дамир Жүнісов ашып, жыр бәйгесіне қатысушы ақындарға сәттілік тіледі.

Жыр додасын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізіп отырды. Кіл мықтылар жиылған аламан айтысқа «Алтын домбыра» жүлдесінің екі дүркін иегері Мұхтар Ниязовпен бірге Нұрлыбек Мейірман, Нұрғали Әнапия, Сұлтан Сәуірхан, Дәурен Полатбаев, Нұрлан Есенқұлов, Мейіржан Жақыпов, Нұрмахан Жақыпбеков, Тұрар Тілеулиев, Аян Ниязбек, Дәурен Ысқақ, Ахметрасул Баянбай сынды ақындар қатысып, отырарлық көрермендерге әсерлі айтыс сыйлады.

Алты жұпқа бөлініп сынға түскен ақындарға Әселхан Қалыбекова, Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақындар Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Жұмакүл Нәлібаевалар әділ бағасын беріп, бәйге жеңімпаздарын анықтады.

Жыр додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде сөз алған аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов бүгінгі жастарымызға қарап, болашағымыздың жарқын екендігін тебірене айтып өтті. Құттықтау сөзінде аудан басшысы: «Тарих еншісінде «Отырар өркениеті» деген атпен бүкіл дүние жүзінің өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан бүгінгі Отырар тұтас қазақ елі мен ұлттың бөлінбес бөлшегі, қайталанбас жауһарына айналмақ.

Келер жылы, яғни, 2020 жыл Елбасы мақаласында ерекше аталып өткен Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығымен тұспа-тұс келмек. Іңкәр өлке перзентінің 1150 жылдығын атап өту туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерді. Бабамыздың мол мұрасын кеңінен насихаттасақ, руханиятымызға мол мұра болып қосылмақ» деп, ауданның рухани өміріне серпіліс сыйлаған ақындарға ізгі тілегін жеткізді.

Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынға Нұр-Сұлтан қаласынан келген Дәурен Ысқақ ие болды. Екінші орынға қызылордалық Мұхтар Ниязов қол жеткізсе, арыстық Нұрлан Есенқұлов айтулы додада бірінші орыннан көрінді. Түркістандық Тұрар Тілеулиев өзгелерден оқ бойы озық шығып, бас бәйгені қанжығасына байлады.

Аудандағы рухани шараға өз үлесін қосып, қашанда отырарлықтармен бірге екендігін жеткізген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың арнайы жүлдесі жас ақын Ахметрасул Баянбайға бұйырды. Жүлдені ҚР мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Елтай Үмбет табыстады.

Ұлылар отаны атанған Отырарды жырға қосып, көне тарих беттерінен күмбірлете сыр шерткен барлық қатысушы ақындарға қаржылай сый-сияпаттар жасалды.



Мақтаралда 5 мектепте IT сыныптары ашылды
Жапон елшісі «Жастар жылы» аясындағы шаралардың жеңімпаздарын марапаттады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу