Арыс пен Түркістанда құрылыс қызу
Арыста қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына арналған жоспарлы аппараттық жиын өтті. Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов төрағалық еткен отырыста Арыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жол, кәріз жүйесі мен құжаттандыру мәселесі жайлы соңғы мәліметтер талқыланды. Қазіргі таңда Арыс қаласында тұрғын үй саны 8522 болса, соның 7 мыңнан астамы зақымданған. 468 тұрғын үй тіптен жарамсыз деп танылған. Соңғы мәліметтер бойынша, жөндеу жұмыстары жүрген тұрғын үйлердің басым бөлігі толық аяқталып, отбасылар қоныстанған. Құрылыс жұмыстары толықтай сүріліп, жаңадан салынып жатқан үйлерде қызу жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының сапасына келіспеген не сараптау қорытындысына наразы бірнеше үй иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оңтайлы шешілуде.
Сондай- ақ жиында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов шаһардағы әр сектордағы құрылыс жұмыстарына тоқталды. Түркістан қаласы 16 секторға бөлініп, олар бойынша облыстың басқармалары, аудан-қалалары және де қалалық әкімдіктің бөлімдері жауапты болып бекітілген болатын. Барлық аумақтардың жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатыр. Тазалау жұмыстарының арқасында Түркістан қаласы бойынша бір ғана сектордың өзінен 10 тоннаға дейін күл-қоқыс шығарылған. 17 000 боз арша (туя) түп ағашы отырғызылылып, толықтай тамшылату суғару жүйесі жүргізілген. Оралмалы газон жайылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аулаларда балаларға арналған ойын, футбол алаңшалары салынып, теннис корты пайдалануға берілген.
Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов барлық сектор жауаптыларына құрылыс пен оның құжаттандыру жұмыстарын, сондай -ақ көшелерді жарықтандыру және құжаттандыру жұмыстарын ережеге сәйкес толық аяқтауды тапсырды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі