Мал тұқымын асылдандыруда нәтижелі жұмыстар бар
Түркістан облысы Созақ ауданында мал басын асылдандыруды мақсат тұтқан мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар игі тірліктер атқарылуда. Ауданда шаруашылықты дамыту ниетіндегі азаматтардың жобаларын қолдауды мақсат еткен бірнеше бағдарламалар бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 15188 тұсақ қой сатып алу жоспарланса, 11525 бас алынған. Яғни, қазірдің өзінде жылдық жоспар 70%-ға орындалған. Ал, асыл тұқымды аталық малдарды сатып әкеліп, тұқымдық түрлендіру бойынша межеленген 15188 бастың 9081-і жеткізілген. «Құлан» бағдарламасы бойынша 383 аналық жылқы сатып алу жоспарланса, 218 жылқы әкелініп, жылдық меже 57 пайызды құраған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға 2792 сиыр сатып алу жоспарланса, алынғаны 1840 бас болып отыр. Сондай-ақ, асыл тұқымды аталық малдарды сатып әкеліп мал табындарына қосу есебінен 2792 сиырды тұқымдық түрлендіруге тарту межесі белгіленсе, 1432 бас яғни, жылдық меже 51 пайызға орындалған. Жалпы қазіргі таңда, ауданда 37 700 бас мүйізді ірі қара, 18 600 жылқы, 11 800 түйе, 349 400 бас қой - ешкі, 29 мың 600 құс өсірілуде. Сонымен қатар, жылдың басынан бергі жеті ай ішінде 6679 тонна ет, 9650 тонна сүт, 1 млн. 786,3 мың дана жұмыртқа өндірілген.