Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар төрағаларымен кездесу өтті
Шымкент қаласында Қазақстан Халық Кеңесінің өңірлік мүшелері мен қалалық этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен этнос белсенділері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы қоғамдық құрылымдардың басшылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жаңа қоғамдық институттың қызметі мен міндеттерін талқылау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты дамыту және өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді ортаға салу.
Жиында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы мен оның қоғам өміріндегі рөліне тоқталды. Сонымен қатар жаңа Конституцияның маңызы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттар, конституциялық реформалардың негізгі міндеттері және жалпыұлттық құндылықтардың мән-мазмұны жөнінде кеңінен баяндады.
Атап айтқанда, тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық секілді құндылықтарды қоғам санасына сіңірудің маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бағыттары да сөз болды.
Бұдан бөлек, жақында өткен «Қазақ тілі» қоғамының Х мерейтойлық құрылтайының маңызы мен онда көтерілген мәселелер, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық сананы жаңғырту бағытындағы бастамалар талқыланды.
Өз кезегінде қатысушылар этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, жастар бастамаларын қолдау, медиация институтын дамыту, қоғамдық диалогты кеңейту және мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастықты жетілдіру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиында этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы рөліне де ерекше мән берілді. Олардың мәдени мұраны сақтау, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу және жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы қызметін одан әрі жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласынан үш азамат Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енді. Олар – қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, журналист, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Әбдез Иманқұлов және көркем гимнастика шебері, Қазақстан ұлттық гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, алдағы жұмыс бағыттары бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Жиын қорытындысында қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты нығайту, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды дамыту және ортақ бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Шымкент қаласы ішкі саясат
басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Тел.: 8778 272 42 97 – Ақерке Сұлтан


