Шымкентте Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт жалғасын табуда
Шымкентте Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шаралар бүгін «Shym City» саябағында жалғасын тапты. Ашық аспан астында өткен салтанатты кешке қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.
Мерекелік шараны Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
– Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Домбыра – ықылым заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан қастерлі аспап, ұлттың үні, халқымыздың тарихи шежіресі. 2018 жылдан бері Президент Жарлығымен бұл мереке шілденің бірінші жексенбісінде аталып келеді.
Биылғы мерекенің мәні ерекше. Наурыз айының 15-інде жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілде күні күшіне енді. Бұл Конституцияда адамның өмірі, денсаулығы мен құқықтары жоғары құндылық ретінде айқындалып қана қоймай, еліміздің стратегиялық даму бағыттары ретінде ғылым мен білімді, инновацияны қолдау, сондай-ақ ұлттық ерекшеліктерімізді сақтау мәселелері көрініс тапқан. Сондықтан бүгінгі мереке ұлттық аспабымызды ұлықтаумен қатар, Ата заңда белгіленген рухани құндылықтарды дәріптеуге де үндейді.
Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтпаған. Бүгінде радио мен телеарналардың алтын қорында 10 мыңнан астам күй сақтаулы. Сол күйлердің әрқайсысында халқымыздың тарихы, елдігі, өрлігі, қуанышы мен мұңы жатыр. Домбыраның үні көгімізде қалықтай берсін! Еліміз өркендеп, Тәуелсіздігіміз нығая берсін! – деді Сәрсен Құранбек.
Мерекелік кештің концерттік бағдарламасында «Қаратау» фольклорлық ансамблі және де дәстүрлң әншілер өнер көрсетіп, халық күйлері мен дәстүрлі әндерді орындады. Ұлттық өнерді ұлықтаған кешке жиналған көрермендер күй күмбіріне бөленіп, қазақтың бай музыкалық мұрасынан рухани әсер алды.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шаралар кеше «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің Этноауыл аумағында басталған болатын.
Сезім МЕРГЕНБАЙ


