Тәтті бизнестің табысы зор

Oinet.kz 29-11-2025 31

d3911a84-71eb-4de3-b90e-9477c7986029.jpeg

2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі - Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы.

Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. 

Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Аталған мемлекеттік бағдарламасының арқасында жұмыссыздар саны азайып, кәсіп ашқандардың саны артып келеді. Олардың қатарында аталған бағдарлама шеңберінде арнайы курстарда оқып, 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп кәсіп ашқандар бар.  Мемлекеттік грантқа қол жеткізген Шымкент қаласының тұрғынының бірі - Севдиор Ихтиярұлы. Ол  қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 21 күндік «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жолдама алған. Оқу аяқталысымен, қолындағы сертификатымен биыл мемлекеттік грантқа өтінім беріп, «құймалы балмұздақ» ісі бойынша бизнес жоспарын әзірледі. Нәтижесінде комиссия жобасын мақұлдаған. Кәсіпкер грантқа қол жеткізіп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Бүгінде күніне 200-ден астам дана балмұздақ сатып, ісін дөңгелетіп отыр.  

- Шымкенттің ыстық маусымында балмұздақ сату тиімді іске айналып отыр. Қала тұрғындарының да сұранысы артып, мемлекеттен алған қаражатқа шағын құймалы балмұздақ сататын дүкен аштым. Алдағы уақытта ісімді кеңейтемін деген ойдамын, -дейді 30 жастағы бағдарлама қатысушысы.  

Кәсіпкердің айтуынша, балмұздақ сату кәсібінің басты артықшылығы – бастапқы шығынның салыстырмалы түрде аз болуы. Кішкентай дүңгіршек, тоңазытқыш және сапалы өнім жеткілікті. Адамдар көп жүретін орындарды, саябақтар мен демалыс аймақтарын дұрыс таңдау табыстың көбеюіне тікелей әсер етеді. Бұл бизнесте сапа мен тазалыққа ерекше көңіл бөлінуі қажет. Балмұздақтың сақталу температурасы, қаптамасының бүтіндігі және сатушының ұқыптылығы тұтынушы сенімін арттырады. Сонымен қатар әртүрлі дәмдер мен түрлерді ұсыну сатып алушыларды көбірек тартуға мүмкіндік береді. Балмұздақ сатуда клиентпен қарым-қатынас та маңызды рөл атқарады. Күлімсіреп қызмет көрсету, балаларға ерекше көңіл бөлу бизнеске жағымды әсер қалдырады. Ал жеңілдіктер мен шағын акциялар табысты одан әрі арттыра түседі.

Балмұздақ сату бизнесі – маусымдық болғанымен, дұрыс ұйымдастырылса мол пайда әкелетін кәсіп. Еңбекқорлық, тазалық пен сапаға адалдық арқылы бұл салада тұрақты табысқа қол жеткізуге болады.

Сұлулыққа құштарлықты табысқа айналдырды
Замануи кәсіп бастап табысқа шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу