Қазба жұмыстарына туристер де қатыса алады
Күлтөбе қалажұртындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтау және қалпына келтіру мен оларды танымал туристік орталыққа айналдыруға арналған жобасы аясында Күлтөбе қалажұртына қазба жұмыстарын жүргізу үш жылға, яғни, 2019-2021 жж. жоспарланған. Қазіргі таңда қаланың орталық бөлігінен б.з.д. І-ІІІ, VIII, XI-XII және XIV-XІХ ғғ. тән құрылыс нысандары анықталып зерттелуде. Атап айтар болсақ, қала орталығының оңтүстік бөлігінде орналасқан қақпа орнын анықтау мақсатында жүргізілген қазба жұмысы барысында ішкі қамалдың қорған-қабырғалары мен батыс бөлігінен б.з.д. І-ІІІ ғғ. тән тұрғын үй бөлмелері анықталып, қазылса, солтүстік-шығыс бөлігінен ішкі бекініс арасын байланыстырып тұрған орталық көше мен осы көшеден тараған тұйық көшелер, көшелерді бойлай салынған тұрғын үй және сарай бөлмелері анықталуда.
Биылғы, яғни, 2019 жылғы жасалған жоспар бойынша 4 тарихи кезең, яғни, Күлтөбе қалажұртының ең көне бөлігінен Қаңлы дәуірі, яғни, б.з.д. І-ІІ ғасырға тән құрылыс орындары ашылса, одан кейін Қ.А.Ясауи өмір сүрген Қарахан дәуірі және Қазақ және Қоқан хандығы тұсында салынған құрылыс қабаттары ашылады деп күтілуде.
2010 жылы Ясы–Күлтөбе қаласының көне цитаделінен табылған алып төрт аша тәріздес құрылыс пен оның қосалқы бөлмелері (қабырға қалыңдығы 1,5-2 метр, биіктігі 4-5 метр) де отқа табынушылардың ғибадатханасы деуге негіз бар. Құрылысты қоршаған қорған қабырғасы астынан ежелгі дәуірде салынған тағы бір қорған қамалдың шығуы оны б.з.д. І-ІІ ғасырдан бастап мерзімдеуге мүмкіндік береді.
Қазба жұмыстарындағы археолог Сәбит Парманқұл : Күлтөбе аймағына келушілердің қатары қалың. Барлығының қызығушылығы жоғары деңгейде. Қазба жұмыстарында шетелдік туристер екі жақты келісім жасап, қатысуына болады. Тікелей келіп қаза алмайды. Бұл аймақта арнайы келісімсіз суретке түсіруге болмайды. Түсірілген суреттерді жариялауға тиым салынған, яғни рұқсат керек,-деді.