Баланы «қырқынан шығару» рәсіміндегі 40 санының мәні

Oinet.kz 15-08-2025 62

Шымкенттік ғалымдар қазақ халқының мәдени коды, ұлттық болмысы мен өмір салтын ғылыми тұрғыда зерттеп, ұлт руханиятына үлкен үлес қосуда.

Screenshot_45.jpg

Олардың қатарындағы қаламыздағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ,  Tashenev университеттері бар.

Қазақ халқының сәбидің «қырқынан шығару» дәстүрі күні бүгінге дейін нанымы мен сенімін сақтап, қаншама ғасырлар өтсе де құндылығын жойған жоқ. Қазақ аналары өмірге келген әрбір сәбиін қырқынан шығарып, рәсімдерін жасайды. Қазақ танымында алғашқы 40 күн – баланың өмірге бейімделу кезеңі, анасымен ерекше күтімді қажет ететін уақыт деп есептеледі. Қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген, ф.ғ.д. Айнұр Жиенбекова «нәрестенің үйренісуі кезеңінен аман-есен шығуын атап өту – қырқынан шығару» деп аталады,- дейді. Ғалым рәсім кезінде біз біле бермейтін қызықты деректерімен бөлісті. 

– Нәрестені қырқынан шығаруға көрегенді, халық қазынасын, ұлт руханияттылығын сақтаған, өнегелі ұрпақ өсірген ана шақырылған. Бұл да болса болашағының рухани құндылығын алдын ала қалыптастыруды мақсат тұтқандықтың дәлелі. Нәрестенің әжесі оның тән тазалығы мықты болуы үшін күмістен жинап, шомылдыратын суға салған. Ағаш сырлы тостағанға қырық қасық су құйып, нәрестенің үстін шайған. «Қырық қасық су адамның қырық күндік қиындығын қалдырмай алып, жаңа өмірге тазарып келеді» деген ниеттен туады деп түсіндіреді қариялар. Қырқынан шығарушы ана нәрестеге сырлы ыдыс пен қасығын әкелген, яғни  «қырын аяқ» сыйлаған. Ол нәрестенің жеке өзінің тамақ ішетін ыдысы, дүниеге келгеннен өз ырысы мол болуын көздеген халықтық ишарат. Бүгінгі көзқараспен сынасақ, медицина талабын бабаларымыз ертеректен орындап қойған сияқты. 

Қырқынан шығару рәсімінің тағы бір қырық санына байланысты нышаны – құндақталған нәрестені анасы көтеріп табалдырықтан қырық қадам алып шығып, қайта оралады, оларды шашумен қарсы алады. Ана мен баланың тікелей байланысы осы сәттен өзге сатыға еніп, ендігі жерде нәрестенің сол шаңырақтан шығып, өсіп-өнуіне ишарат жасалады. Бірақ өрісінің алыстамауы, ата шаңыраққа жақындығын сақтау маңызды. Шашу шашып, нәресте көрсету – қазақ мәдениетінде қалыптасқан ұғым бойынша тіршіліктің өз қалпын сақталуына, үйлесімділіктің орнауына деген қуаныш белгі, - дейді  Айнұр Жиенбекова.

«Сәбиді қырқынан шығару кезінде ұмытылып бара жатқан рәсімдердің бірі –шаш пен тырнақты сақтау немесе көмудің ұмытылуы», -  дейді шымкенттік зейнеткер-ұстаз, «Әже дәмі» жобасының авторы Шарапат Құрманбекова, 

– Кезінде әжелеріміз баланы қырқынан шығару кезінде шомылдырып, шашы мен тырнағын алып, арнайы шүберекке түйіп, табалдырық астына көмгізетін болған. Бұл рәсімді біздер де жасадық. Бізден кейінгі балаларыма рәсімді сақтауын айтып отырамын. Бұл – баланың жамандықтан аман болуына арналған ырым. Қазір көбісі бұл рәсімді білмейді немесе мән бермейді, - дейді Шарапат апа. 

Бір қызығы, кей қңірлерде  сәбиді қырқынан шығарғанда арша, тұз, сабын, дән салып, арнайы ыдысқа су дайындап, сол суды кейін үй айнала немесе бақшаға төгетін болған. Бұл – баланың денсаулығы мен берекесі үшін жасалған белгі көрінеді.Сәбиді қырқынан шығару – тек санитарлық-гигиеналық шара емес, бұл – терең философиялық, тәрбиелік мәні бар ұлттық дәстүр. Ұмыт болған элементтерді қайта жаңғырту – ұлттық тәрбиенің ұмытылмауына сеп болмақ.

Ұлттық мерекелер рухани тарихи сананы қалыптастыратын құндылықтар
Баспаналы болғанда «босаға майлау» дәстүрін жасадыңыз ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу