Баспаналы болғанда «босаға майлау» дәстүрін жасадыңыз ба?

Oinet.kz 15-08-2025 65

Шымкент қаласында ұлттық құндылықтарды ұлықтауда ауқымды іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Screenshot_46.jpg

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мекемелер ұйымдастыратын «Текемет фест», «Алтынға бергісіз - Алаша» этнофестивалі, «Этно Шымкент» секілді фестивалдерде ұмытылған дәстүрлер қайта жаңғырып, тұрғындар мен қала тұрғындары текемет басу, кілем-алаша тоқу, ұлттық тағамдарды дайындауға өздері атсалысты. Сондай іс-шараның бірінде Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының кіші ғылыми қызметкері Бибінұр Төлегенова көпшілікке «Босаға майлау» дәстүрі туралы мағұлмат берді. 

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының кіші ғылыми қызметкері Бибінұр Төлегенованың айтуынша, «Босаға майлау» жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын-жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасын майлап, шашу шашатын дәстүр. Сонымен қатар, көктемде бірінші піскен майды отбасындағылар ауыз тимей тұрып, есік жақтауын, яғни босағаны майлаған екен Жалпы қазақ, тас лақтырып жаманаттан құтылады, шашу шашып, босаға майлап, жақсылықтың жолын ашады. Бұл үй – берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниетті білдіреді. Содан болу керек: «Қазаны майлы, төрт түлігі сайлы, оған көңілдері жайлы, би түсетіндей үй болсын» - деп керемет ақжарма тілектер айтып жатады. Босаға майлаған адамға кәде беріледі. 

Жаңа түскен келіннің табалдырықты оң аяқпен аттанда да «босағаны майлау» жасауы бұл  — сол үйге береке кірсін, отбасының ошағы берік болсын деген ырым. Ата-бабаларымыз аталған дәстүрдің рухани тәрбиелік мәнін былай түсіндіреді. Бұл дәстүр арқылы келінге жауапкершілік пен аналық рөл жүктеледі. Жастарға отбасын құрметтеуді, ата-баба салтын сыйлауды үйретеді.  Үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді тәрбиелік ұғымдар осы дәстүрде көрініс табады.  

«Қазақтың ғұрыптық дәстүрінде жаңа түскен келін алғаш үйге кіргенде, босағаға соғылмай кіруі керек. Егер келін босағаға соғылып қалса, үйдің берекесі қашады, келін баянды болмайды – деп есептейді. Сондықтан да жас келінге жаулық салғанда, осы жағдайларға мұқият қарағанымыз жөн. Әр шаңырақтың босағасы берік болып, төрінен бақ пен ырыс кетпегей» деген ақпараттарымен де бөлісті орталық маманы. 

Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінінің де айнасы. Олар дәстүрге тек қызығушылықпен емес, жауапкершілікпен қараса, ұлттық құндылықтар ұмытылмай, мәңгі жасайды. Ендеше, отбасы құндылықтарын насихаттайтын, ұлт рухын жаңғыртатын салтиы қазіргі таңда да бұл дәстүрді ұмытпай, ұлттық тәрбиенің негізі ретінде жас ұрпаққа жеткізу маңызды.

Баланы «қырқынан шығару» рәсіміндегі 40 санының мәні
«Әже дәмі» аналардың мейірімі арқылы ұрпаққа рухани тәрбие беруді көздейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу