«Әже дәмі» аналардың мейірімі арқылы ұрпаққа рухани тәрбие беруді көздейді

Oinet.kz 16-08-2025 55

Шымкент қаласында қаншама жылдардан бері «Әже дәмі» жобасы іске асып келеді. Жобаға бастамашыл болған қалалық ардагерлер кеңесінің «Әжелер» алқасы. 

Screenshot_47.jpg

Ал авторы  «Әжелер» алқасының сол кездегі төрайымы, зейнеткер-ұстаз, "Құрмет" орденінің иегері Шарапат Құрманбекова. Жоба аясында жыл сайын әжелер Шымкент қаласындағы әскери мекемелерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға дастархан жайып, «Бешбармақ» ет тағамы, құрт, ірімшік, майсөк, жент, бауырсақ, тағы басқа ұлттық тағамдармен бірге жеміс-жидектер ұсынады. Бұл игі бастама — үлкендердің батасы мен аналардың мейірімі арқылы ұрпаққа рухани тәрбие беру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. «Жобаның басты мақсаты — сарбаздардың рухын көтеріп, салт-дәстүрімізді дәріптеу, сондай-ақ олардың ата-әже, ата-ана мен отбасыға деген сағынышын басу», - дейді жобаны өмірге әкелген Ш. Құрманбекова.

– Қалалық ардагерлер кеңесіндегі «Әжелер» алқасының жұмыс бағытының бір тармағына ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру, рухани дүниелерді насихаттау, ұмытылған дәстүрлерді қайта жаңғырту кіреді. Бұл бағаттағы жұмыстар тоқтаған емес. Өзім зейнеткерлікке шығып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көптеген іс-шараларға ұйытқы болып жүрмін. Соның ішінде тәрбие жұмыстары бойынша әскери мекемелерде де болып, сарбаздармен кездесеміз. Қазақ халқы ежелден қонақжайлығымен танылған. «Қонақ келсе, құт» деп білген ел әрқашан үйіне кірген мейманды төріне шығарып, дастарқанын жайып қарсы алған. Бұл — халқымыздың тек сыйластыққа емес, кеңпейілділік пен адамгершілікке негізделген болмысын көрсетеді. Ал әскердегі балаларға қарап, туған елінен жырақта жүргенін, ата-анасына деген сағынышы тағы бар екенін аңғардым. «Әже дәмі» жобасы туралы сол кездегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин ағайымызға ұсыныс ретінде айттым, ол кісі қолдады. 

Бұл арқылы біз бірінші, ұлттық тағамдарымызды ұлықтаймыз, екіншіден – жас буынға қайырымдылық, ізгілік, адамгершілік қасиеттерін санасына сіңіреміз. Үшіншіден -  қазақ қоғамында әже ерекше құрметке ие тұлға. Ол — отбасының ақылшысы, бала тәрбиесінің ұстазы, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіретін дана тұлға. Әженің мәртебесі тек отбасылық деңгеймен шектелмейді, ол — бүкіл ұлттың рухани тірегі. Ал әже қолынан шыққан дәм – тек тамақ емес, мейірім, шапағат, отбасы жылуы. Үшіншісі, сарбаздарға әже мәртебесін арттыруды мақсат еттік,- деп Ш. Құрманбекова жобаның өмірге келу тарихымен таныстырды. 

Атап өтейік, шымкенттік әжелердің бұл жобасы аз уақыттың ішінде-ақ қолдау тауып, бүгінде республика деңгейінде әскери мекемелерге таратылған. 

Баспаналы болғанда «босаға майлау» дәстүрін жасадыңыз ба?
Халқымыздың ұлттық болмысы мен мәдени мұрасын жаңғыртқан Фарида
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу